Қазақстанда 1 қазаннан бастап не өзгереді

© Sputnik / Болат ШайхиновЕңбек кітапшасы
Еңбек кітапшасы - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.10.2026
Жазылу
1 қазаннан бастап Қазақстанда жұмыссыз мәртебесін беру жүйесіне өзгеріс енгізіледі
АСТАНА, 1 қазан – Sputnik. Осы айда қазақстандықтарды жұмыссыз ретінде тіркеу тәртібі өзгереді. Оған қоса, жұмыссыздарға жәрдемақы төлеу жүйесіне де өзгеріс енгізіледі. Бірқатар өңірде жылу беру маусымы басталады. Ал бір мемлекеттік мерекенің арқасында қатарынан үш күн демалуға мүмкіндік болады. Sputnik Қазақстан қазан айында болатын негізгі өзгерістерді ұсынады.

Жылу беріледі

Қазіргі кезде жылыту маусымы бес өңірде - Павлодар, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында басталды.
Ал 4 қазанға дейін ауа райы көрсеткіштеріне қарай тағы бес өңірде жылу берілді. Олар: Астана, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау облыстарында және Абай облыстары.

Жұмыссыздарды тіркеу тәртібі өзгереді

1 қазаннан бастап Қазақстанда жұмыссыз мәртебесін беру жүйесіне өзгеріс енгізіледі. Оған сәйкес, жұмыс іздеу мерзімі 2 күннен 13 күнге дейін ұзартылады. Осы уақыттың ішінде адам жұмыссыз емес, жұмыс іздейтін адам ретінде тіркеледі.
Мансап орталығының мамандары әрбір адамның еңбек тәжірибесін, білімі мен кәсіби дағдыларын зерделеп, оған сәйкес бос жұмыс орындарын ұсынады. Жұмыс берушілермен де байланысады. 13 күннің ішінде жұмыс табылмаса, адамға жұмыссыз мәртебесі беріледі.
Ал ұсынылған жұмысқа үш күннің ішінде келісім беру керек, я болмаса, бас тартуға болады.

Жұмыссыздардың жәрдемақысы да өзгереді

Осы айда жұмыстан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем тағайындаудың жаңа тәртібі де енгізіледі. Бұдан былай жәрдемақы төлеу мерзімі үш аймен шектеледі. Ал оның ай сайынғы ең жоғары мөлшері 267 750 теңгеден аспайды.
Төлемдер әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығына қарай тағайындалады.
6 айдан 12 айға дейін қатысқандарға – 1 ай;
12 айдан 24 айға дейін қатысқандарға – 2 ай;
24 айдан көп қатысқандарға – 3 ай төленеді.
Әлеуметтік төлемді әрі қарай алу үшін жұмыссыз мәртебесі болуы керек. Егер мансап орталығы жұмыссыз азаматқа лайықты үш жұмыс орнын ұсынып, ол олардың барлығынан бас тартса, оны жұмыссыз ретінде есептен шығаруы мүмкін. Ондайда әлеуметтік төлем тоқтатылады.

Салық төлеуді ұмытпаңыз

2025 жылға арналған мүлік салығын төлеудің соңғы күні - 1 қазан. Бүгінде салық сомасын банктердің мобильді қосымшалары арқылы тексеруге болады. Сол жерден бірден төлеуге де мүмкіндік бар.
Ал 2 қазаннан бастап салық бойынша берешегі бар азаматтарға хабарламалар жіберіле бастайды. Егер салық төленбесе, мемлекеттік кірістер комитеті заңнамада көзделген берешекті өндіріп алу рәсімін бастайды.

Депозит мөлшерлемесі өседі

1 қазаннан бастап Қазақстанда валюталық депозиттердің мөлшерлемесі көтеріледі. Бұл өзгеріс тек мерзімі 12 айдан асатын жинақ депозиттеріне қатысты. Олардың шекті мөлшерлемесі жылдық 1 пайыздан 2,5 пайызға дейін өседі.
Жаңа мөлшерлемелер 1 қазаннан кейін ашылатын немесе мерзімі ұзартылатын депозиттерге ғана қолданылуы мүмкін. Алайда әрбір банк депозиттер бойынша пайыздық мөлшерлемені өзі белгілейді.

Алматыда су қымбаттайды

1 қазаннан бастап Алматы қаласында жаңа тарифтер енгізіледі.
тұрғындар үшін 1 текше метр судың құны - 178,06 теңге, ал су бұру қызметі - 119,46 теңге;
бизнес үшін су – 362,18 теңге, су бұру – 264,75 теңге;
мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар үшін су – 649,60 теңге, су бұру – 189,14 теңге.
Есептегіші жоқ бір адам үшін суық сумен жабдықтау мен су бұру қызметінің жалпы құны айына 4462,75 теңге болады.

5%-дық несие беріледі

"Кең дала 2" бағдарламасы бойынша 2027 жылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына қаржы алуға өтініш қабылдау басталады. Осы бағдарлама бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5 пайызды құрайды.
Қаражатты шаруалар жаңа маусымға дайындалуға, қажетті ресурстарды сатып алуға, ауыл шаруашылығы техникасын жөндеуге және алдағы шығындарды жоспарлауға пайдалана алады.
Өтінімдер екінші деңгейдегі банктер, кредиттік серіктестіктер, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар және "Аграрлық несие корпорациясы" арқылы қабылданады.

Маңдайшаларға қатысты талап

Қазан айында кәсіпкерлер үшін маңдайша орнатуға қатысты жаңа талаптар енгізіледі.
Енді ғимараттар мен нысандарға маңдайша орнатпас бұрын оның эскизін жергілікті атқарушы органмен алдын ала келісу қажет болады. Мемлекеттік қызмет жеке және заңды тұлғаларға тегін көрсетіледі.
Өтінішті жергілікті атқарушы органның кеңсесі арқылы немесе eGov порталы арқылы беруге болады. Қызмет көрсету мерзімі құжаттар қабылданған күннен бастап төрт жұмыс күнін құрайды.

Қарттар күніне арналған төлемдер

1 қазан – Қарттар күніне орай бірқатар өңірде зейнеткерлерге біржолғы әлеуметтік төлем беріледі.
Астанада ең төмен зейнетақы алатын зейнеткерлерге – 2,5 АЕК немесе 10 812,5 теңге;
Шымкентте 70 жастан асқан тұрғындарға – 3 АЕК немесе 12 975 теңге;
Ұлытау облысында ең төмен зейнетақы алатын зейнеткерлерге – 20 000 теңге;
Қарағанды облысында 75 жастан асқан тұрғындарға – 21 625 теңге.
Төлемді алу үшін өтініш берудің қажеті жоқ. Қаражат тиісті санатқа жататын азаматтардың есепшоттарына автоматты түрде аударылады.
Бұл төлем республикалық бюджеттен емес, жергілікті бюджеттен беріледі. Сондықтан оның мөлшерін әр өңір өзі анықтайды. Ал Кей өңірлерде оның орнына басқа да әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған.

Базалық мөлшерлеме тағы өзгеруі мүмкін

23 қазанда Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешімін шығарады.
Маусым айында банк базалық мөлшерлемені 18 проценттен 17-ге дейін төмендеткен болатын. Шілдеде 16,75 процентке, ал қыркүйек айында 16,25 процентке дейін түсіруге шешім қабылданған.
Бүгінде базалық мөлшерлеменің негізінде депозиттердің сыйақысы беріледі. Кредиттердің мөлшерлемесі де соған қарай белгіленеді.

Банкаралық аударымның сомасы өзгереді

Қазіргі кезде телефон нөмірі арқылы екі банктің арасындағы ақша аударымдардың сомасы 1 млн теңгені құрайды. Қазан айында осы соманы екі есеге арттыруы мүмкін.
Дегенмен заң бойынша әрбір банк телефон нөмірі бойынша ақша аударымдарының сомасын өзі шектей алады.

Онлайн-кредиттерге қатысты жаңа талап

1 қазаннан бастап кейбір онлайн-кредиттер бірден берілмейді. Алдымен бірнеше сұраққа жауап беруге тура келеді. Олар:
Сізге бұл кредитті рәсімдеуді кім ұсынды?
Сіз банкке жеке өзіңіз немесе басқа тұлғалардың өтініші бойынша жүгіндіңіз бе?
Сіз кредитті қандай мақсаттар үшін рәсімдеп жатырсыз?
Сіз кредит шарттарымен тыныстыңыз ба?
Сізге ешкім қысым жасап немесе кредит алуға асықтырып жатқан жоқ па?
Сізге кредит рәсімдеуді банк қызметкерінен немесе туыстарыңыздан жасыруға кеңес берді ме?
Сіз бұрын "ақшаңызды қорғаңыз" немесе "шот бойынша операциялары тексеріңіз" деген қоңыраулар алдыңыз ба?
Сауалнама өткізудің негізгі мақсаты – халықты алаяқтардан қорғау.

ХҚКО-лардың мекенжайы өзгереді

Бүгін бірқатар өңірде кезекші ХҚКО-лардың мекенжайлары өзгереді. Толық тізімін мына жерден https://t.me/gov4c_resmi/2122 көруге болады.
Айта кетері, халыққа қызмет көрсету бойынша кезекші орталықтар жұмыс күндері сағат 09:00-ден 20:00-ге дейін, сенбі күні сағат 09:00-ден 13:00-ге дейін жұмыс істейді.
Ал көлік құжаттарын рәсімдейтін, яғни, мамандандырылған кезекші ХҚКО-лар жұмыс күндері өтініштерді сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін қабылдайды, ал дайын құжаттар сағат 20:00-ге дейін беріледі. Сенбі күні өтініштер сағат 09:00-ден 12:00-ге дейін қабылданып, дайын құжаттар сағат 13:00-ге дейін беріледі.

Айыппұл тұрағының қосымша ақысы

Алматыда 4 қазаннан бастап айыппұл тұрағына жеткізілген көліктерді эвакуациялау және сақтау үшін ақы енгізіледі.
көліктің барлық санаты үшін эвакуация - 3 АЕК немесе 12 975 теңге;
жеңіл автокөлікті арнайы тұрақта сақтау құны алғашқы тәулікке - 2,5 АЕК немесе 10 812,5 теңге, кейінгі әр тәулікке - 5 АЕК немесе 21 625 теңге.
Осыған байланысты көлік иелеріне қосымша шығын шығармау үшін темір тұлпарларын 3 қазанға дейін арнайы тұрақтан алып кеткен дұрыс.

Ақылы тұрақтың ақысы да өзгереді

Алматыдағы ақылы автотұрақтарда көлік қозғалысының қарқыны мен тұрақ орындарына сұранысқа қарай сараланған жаңа тарифтер енгізіледі.
көлік қозғалысы салыстырмалы түрде төмен учаскелерде - сағатына 100 теңге;
көлік қозғалысы орташа аумақтарда - сағатына 150 теңге;
тұрақ орындары тапшы әрі көлік қозғалысы жоғары аймақтарда - сағатына 200 теңге.
Жаңа тарифтер 4 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан-Қытай шекарасы жабылады

1-3 қазан күндері Қазақстан мен Қытай арасындаға шекара толығымен жабылады. Адамдар, көлік құралдары мен жүктер шекара арқылы өткізілмейді. Ол күндері көрші елде ҚХР-дың құрылған күні аталып өтеді.
Алайда теміржол өткізу бекеттері штаттық режимде жұмысын жалғастырады.

Дубайға рейстер қайта ашылады

Air Astana 1 қазаннан бастап "Алматы - Дубай - Алматы" және 2 қазаннан бастап "Астана - Дубай - Астана" бағыттары бойынша тұрақты рейстерін қалпына келтіруді жоспарлап отыр. Айдың соңына дейін ұшу жиілігі біртіндеп ұлғаяды.
Бұдан бөлек, осы айда Air Astana ұшақтарында интернет іске қосылады.

Мәскеуге тікелей рейс

27 қазанда Nordwind әуекомпаниясы "Орал - Мәскеу - Орал" бағытында жолаушыларды тасымалдауды бастайды.
Рейстер аптасына екі рет сәрсенбі және жексенбі күндері Boeing 737-800 ұшағымен жүзеге асырылады.

Тағы бір әйелдер вагоны болады

1 қазаннан бастап алғаш рет №1/2 "Алматы – Ташкент" халықаралық пойызының құрамында "Әйелдер вагоны" қатынай бастайды.
Бүгінде бұл қызмет ішкі теміржол бағыттарында да жолаушылар арасында жоғары сұранысқа ие. "Әйелдер вагоны" іске қосылғаннан бері оны 946 мыңнан астам жолаушы пайдаланған.

Кәсіби мереке көп

Осы айда бірнеше кәсіби мереке бар. Олар:
1 қазан - Радио күні;
5 қазан - Мұғалімдер күні;
6 қазан - Қорғаныс өнеркәсібі қызметкерлері күні;
10 қазан - Қазақстан кәсіптік одақтарының күні;
19 қазан - Құтқарушы күні;
қазанның үшінші жексенбісі - Орман шаруашылығы қызметкері күні;
24 қазан - Кітапханашы күні;
қазанның соңғы жексенбісі - Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні;
29 қазан - Күзет ұйымдарының қызметкерлері күні.

Мемлекеттік мерекені қалай атап өтеміз

Қазан айында мемлекеттік мереке де бар. Ол – Республика күні.
Биыл 25 қазан жексенбіге түсіп тұр. Осыған байланысты дүйсенбі күні қосымша демалыс беріледі. Осылайша, қазақстандықтар қатарынан үш күн – 24, 25 және 26 қазанда демалады.
Бұдан басқа мерекелік демалыс болмайды.

Каникул басталады

Қазанда оқушылар бірінші тоқсанды аяқтап, күзгі каникулға шығады.
күзгі каникул - 26 қазан-1 қараша;
қысқы каникул - 28 желтоқсан - 10 қаңтар;
көктемгі каникул - 22-28 наурыз;
Бұдан бөлек, бірінші сынып оқушылары үшін 2027 жылғы 8-14 ақпан аралығында 7 күндік қосымша демалыс қарастырылған.
Жаңалықтар
0