"Ай сайын 450 мың төлеуім керек": Астанада аяғынан айырылған краншы әйел әділдік іздейді

© Sputnik / Абзал КалиевКапельница
Капельница - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.09.2026
Жазылу
Құрылыс компаниясы краннан құлап, ауыр жарақат алған Ақмарал Қарабалинаға үш айлық жалақысын төлеуді ғана ұсынған
АЛМАТЫ, 28 қыркүйек – Sputnik. Астанада краннан құлаған Ақмарал Қарабалина бір аяғынан айырылды. Қазір үш баланың анасының жағдайы ауыр. Оқиға туралы Sputnik Қазақстан тілшісі айтады.

Бастық асықтырған

Ақмарал Қарабалина "Қазстройподряд" компаниясында кран машинисі болып жұмыс істегеніне бір жыл толған. Қайғылы оқиға 31 тамызда Астанада болған.
© Sputnik / Айдана ДайыроваАстанада аяғынан айырылған краншы әйел әділдік іздейді
Астанада аяғынан айырылған краншы әйел әділдік іздейді - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.09.2026
Астанада аяғынан айырылған краншы әйел әділдік іздейді
"Бастықтар кранды "тез-тез бөлшектеңдер" деп тапсырма берді. 1 қыркүйекке дейін үлгеру керек болды. Не үшін асықтырғанын білмеймін. Біз тұрғын үй құрылысының паркингін жасап жатқанбыз", – дейді Ақмарал Қарабалина.

Қауіпсіздік техникасы сақталмаған

Ақмаралдың айтуынша, кранды бөлшектеу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ететін арнайы мамандар болмаған.
"Біз құлап кетпес үшін арнайы ұстап тұратын қауіпсіздік белбеуі болуы керек еді, бірақ бізде ол болмады. Автокран да болған жоқ. Мен кранды бөлшектегім келмеді. Кранды бөлшектейтін автокран қайда деп сұрадым. Механик Дәурен "қазір келеді" дей берді. Бірақ автокран келмеді. "Бөлшекте тез, Ақмарал, кранға шыға бер" деп асықтырды", – дейді ол.

Сақтандыру белбеуі де болмаған

Құрылысшының айтуынша, кранды бөлшектеу кезінде қауіпсіздікпен айналысатын арнайы бригада да келмеген. Әдетте биік кранды бөлшектеу жұмыстары солардың көмегімен жүргізілген.
"Біздің сақтандыру белбеуіміз болған жоқ. Мен асханаға кетіп қалып едім. Артымнан келіп, "тез бар, сен кранға шыққанша арнайы бригада келеді" деп бастықтар асықтырумен болды. Қосымша жалдамалы екі жігіт келіпті, кім екендері белгісіз. Өрімдей жас жігіттер, олар кранды бөлшектеуді білмейді де. Сорғыны қосуды да білмейді", – дейді Ақмарал.

10-11-қабат деңгейіндегі биіктіктен құлаған

Ақмаралдың айтуынша, басшылық оны кранның басына асығыс шығарған.
"Бір секциядан емес, екі секциядан бөлшектеңдер деп айқайлады. Кім айқайлағанын түсінбей қалдым. Кранды бөлшектегенде бір немесе екі секциядан шешіледі. Мен олармен айқайласып, бір секциядан ғана шешеміз деп сөзге келдім. Сол арада кран сілкініп кетіп, шамамен 10-11- қабат деңгейіндегі биіктіктен жерге құлап кеттім", – дейді зардап шеккен әйел.
Кранды Ақмарал және тағы екі жұмысшы бөлшектеген. Кран құлаған кезде Ақмарал ауыр жарақат алған, ал екі жігіттің бірі оқиға орнында көз жұмған.
"Қауіпсіздік техникасы сақталмады. Кранды бөлшектеу кезінде бұған дейін дәнекерлеушілер мен электриктер үнемі тексеретін. Бұл жолы олай болмады", – дейді Ақмарал Қарабалина.

Басшылық көмектен бас тартты

Қазір 45 жастағы Ақмаралдың жағдайы ауыр. Ол оң аяғынан айырылған. Құрылыс алаңында құлаған кранның астынан әйелді шығару үшін ұзақ уақыт қажет болған.
© Sputnik / Айдана ДайыроваАстанада аяғынан айырылған краншы әйел әділдік іздейді
Астанада аяғынан айырылған краншы әйел әділдік іздейді - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.09.2026
Астанада аяғынан айырылған краншы әйел әділдік іздейді
"Бес рет ота жасалды. Омыртқам шытынап кеткен, үш қабырғам сынған. Бір жігіт сол жерде тіл тартпай кетті. 25 жастағы жігіт дейді, кім екенін білмеймін", – дейді ол.
Ақмарал – үш баланың анасы. Балаларының біреуі кәмелетке толмаған, ал бір қызы ақылы бөлімде оқиды. Әйелдің ай сайынғы жалақысы 730 мың теңге болған.
"Құрылыс компаниясының басшысы қызымның оқуын төлеп береміз деген. Мен 10 қыркүйекте есімді жиғанда маған хабарласып, қызым кеңсеге келсін деді. Қызым барған екен, оқуды төлей алмаймыз депті. Компанияның басшысы Алатвй Хикмет маған "үш айдың еңбекақысын төлеп береміз, басқа көмек көрсете алмаймыз" деді. Ал мен ай сайын ипотекаға әлі бес жыл 450 мың теңгеден төлеуім керек", – дейді краннан құлап зардап шеккен әйел.

"Қазстройподряд" жауап бермеді

Sputnik Қазақстан тілшісі "Қазстройподряд" компаниясының басшылығына хабарласты. Алайда компания өкілдерінен ақпарат алу мүмкін болмады.
Астана қаласының еңбек инспекциясы қазіргі уақытта тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.
"Қорғалжын тасжолы ауданындағы Е128 көшесінде орналасқан "Қорғалжын" құрылыс нысанының аумағында мұнара кранын бөлшектеу кезінде топтық жазатайым оқиға болды. Оқиға салдарынан үш адам зардап шекті, олардың бірі көз жұмды", – дейді еңбек инспекциясы.
Департамент жазатайым оқиғаны тергеу жөніндегі комиссия құрылғанын хабарлады.
"Қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп жатыр. Болған оқиғаның нақты мән-жайы, себептері мен шарттары анықталуда. Тергеу аяқталғаннан кейін материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін полиция бөліміне жіберіледі", – дейді Астана қаласының еңбек инспекциясы.
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 31.08.2026
Астанада құрылыс краны құлап, бір адам көз жұмды
Жаңалықтар
0