Қазақстанда жеті жылда не өзгерді

© Sputnik / Санат ИмангалиевВиды Астаны летом
Виды Астаны летом - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.09.2026
Жазылу
Жеті жыл ішінде Қазақстанда әлеуметтік төлемдер мен жалақы өсіп, экономика көлемі ұлғайып, ШОБ пен өңдеу өнеркәсібінің үлесі артты
АСТАНА, 24 қыркүйек – Sputnik. 2026 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан президенті қызметіне кіріскеніне жеті жыл толды. Осы кезеңде Қазақстан COVID-19 пандемиясы, жаһандық инфляция, логистикалық дағдарыс және геосаяси өзгерістер сияқты бірқатар күрделі сынақтан өтті. Соған қарамастан бұл жылдары елдің негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң өзгерістер болды. Бұл туралы Ranking.kz жазды.
2019-2026 жылдар аралығындағы негізгі өзгерістер:
ең төменгі жалақы 42,5 мың теңгеден 85 мың теңгеге дейін өсіп, екі есеге артты.
ең төменгі базалық зейнетақы 16 мыңнан 35,6 мың теңгеге дейін өсті.
ең төменгі зейнетақы мөлшері 36,1 мыңнан 69 мың теңгеге дейін ұлғайды.
ең төменгі күнкөріс деңгейі 29,7 мыңнан 50,9 мың теңгеге дейін көтерілді.
жан басына шаққандағы ЖІӨ 715,5 мың теңгеден 1,66 млн теңгеге дейін өсіп, 2,3 есеге артты.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ЖІӨ 160 трлн теңгеге жетті. Дүниежүзілік банк деректеріне сәйкес, Қазақстан ЖІӨ көлемі бойынша әлемдегі ең ірі 50 экономиканың қатарына кіріп, 48-орынға көтерілді. 2018 жылы 55-орында болған.
Қазақстанның жалпы халықаралық резервтері де өсті. 2026 жылғы тамыздың соңында олардың көлемі 70,6 млрд доллар болды. Бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 есе көп.

Экономика құрылымындағы өзгерістер

2018–2025 жылдары ЖІӨ құрылымында өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және қызмет көрсету салаларының үлесі артты:
өңдеу өнеркәсібі – 11,4%-дан 12,8%-ға;
құрылыс – 5,3%-дан 6,2%-ға;
қызмет көрсету саласы – 55,5%-дан 58%-ға өсті.
Ал тау-кен өнеркәсібінің үлесі 15%-дан 11,7%-ға төмендеді. Шикізаттық емес экспорттың үлесі 26%-дан 40%-ға жуық деңгейге жетті.
Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі де артты. 2018 жылы ШОБ-тың ЖІӨ-дегі үлесі 28,4% болса, 2025 жылы 40,9%-ға жетті. Сонымен қатар бақыланбайтын экономика үлесі 27,02%-дан 15,69%-ға дейін қысқарды.

Халықаралық рейтингтер

Қазақстанның бірқатар халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштері де жақсарды.
Moody’s: Baa3-тен Baa1-ге дейін көтерілді.
S&P Global Ratings: BBB деңгейінен бір саты көтерілді.
Fitch Ratings: BBB деңгейінде өзгеріссіз қалды.
IMD World Competitiveness Ranking рейтингінде Қазақстан 2022 жылғы 43-орыннан 2026 жылы 38-орынға көтерілді.
World Happiness Report есебінде Қазақстан 2019 жылғы 50-орыннан 2025 жылы 33-орынға көтерілді.
Осылайша, 2019 жылдан бергі кезеңде Қазақстанның әлеуметтік көрсеткіштерімен қатар экономика көлемі де ұлғайып, экономиканың құрылымында өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету саласы мен ШОБ-тың үлесі артты. Сонымен бірге шикізаттық емес экспорттың үлесі өсіп, бақыланбайтын экономиканың көлемі қысқарды.
Здание парламента Казахстана - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.08.2026
Қазақстан экономикасы алдағы үш жылда 5%-дан жоғары өседі – үкімет болжамы
Жаңалықтар
0