Каспий теңізіндегі трагедия: Бозымбаев басшылық еткен комиссия Маңғыстау облысына барды

© Photo : акимат Мангистауской областиТеңіздегі гүлдер
Теңіздегі гүлдер - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.09.2026
Жазылу
Комиссия мүшелері қазіргі ахуалды бағалап, төтенше жағдайдың салдарын жоюға байланысты барлық бағыт бойынша одан әрі қабылданатын шараларды айқындайды
АСТАНА, 24 қыркүйек – Sputnik. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басшылық еткен комиссия Маңғыстау облысына барды, деп хабарлады өңір әкімдігі.
Төтенше жағдайға байланысты президенттің тапсырмасы бойынша Маңғыстау облысына келген Комиссия мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіріп, оқиға орнында қажетті шаралар қабылдайды.
"Комиссия құрамына қорғаныс министрі, Маңғыстау облысының әкімі, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, ішкі істер, төтенше жағдайлар, денсаулық сақтау және көлік министрліктерінің басшылығы, Бас әскери прокурор, сондай-ақ Шекара қызметінің өкілдері кірді", - деп жазылған хабарламада.
Комиссия мүшелері қазіргі ахуалды бағалап, төтенше жағдайдың салдарын жоюға байланысты барлық бағыт бойынша одан әрі қабылданатын шараларды айқындайды.
Қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсетуге, оқиғаның мән-жайын анықтауға, сондай-ақ тиісті мемлекеттік органдар мен қызметтердің іс-қимылын үйлестіруге ерекше назар аударылады.
Комиссияның жұмысы оқиға орнында жалғасып жатыр.
Еске сала кетейік, Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде төтенше жағдай болып, 9 адам көз жұмды. Алдын ала мәлімет бойынша 24 қыркүйек күні ауа райының күрт нашарлауы және желдің күшеюі салдарынан Каспий теңізіндегі 19 әскери қызметшіні толқын алып кеткен. Қазіргі уақытта оның 9-ы көз жұмғаны анықталды. Үш әскери қызметші құтқарылды, олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалғандарын іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Тоқаев әскери қызметшілердің қазаға ұшырауына байланысты ертең, 25 қыркүйекте Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту жариялады.
Мемлекеттік рәміз - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.09.2026
25 қыркүйек жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды
Жаңалықтар
0