"Жанымның ашығаны-ай!": айдалада баланы құтқарған тепловоз жүргізушісі мән-жайды айтты

© Sputnik / Абзал КалиевТепловоз
Тепловоз - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.09.2026
Жазылу
Машинист баланы тауып алғанда ол тек өзі мен әкесінің атын ғана айта алған
АСТАНА, 21 қыркүйек – Sputnik. Жетісу облысы Матай станциясында теміржол машинисі Дәулет Өсербай айдалада жоғалып кеткен бүлдіршінді құтқарып қалды. Оқиға туралы теміржолшы Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.
Дәулет Өсербай баланы шамамен 150-200 метр жерден байқаған. Сағатына 38 км жылдамдықпен келе жатқан жүк пойызын тоқтатып, баланы құтқарып қалған.
"Сарыөзек бекетінен Үштөбеге бара жатқанбыз. Сол жерде Айнабұлақ деген разъезд бар. Сол екі ортада айдалада бір кішкентай баланы көріп қалдық. Жүк пойызын тоқтатып, баланы өзімізге қарай шақырдық. Бала жақындай берді. Алдынан шығып көтеріп алдым. Өзінің, сосын әкесінің ғана атын біледі", - дейді машинист Дәулет Өсербай.

Шамамен 5 шақырым алыстап кеткен

Бала әбден қорқып қалған.
"Баланы алып кетіп, пойыз диспетчеріне хабарластық. "Бекет кезекшісіне хабарлаңыз, бала тауып алдық" дедік. Олар полиция бөліміне хабарласқан. Бірінші тұрған бекет 6 шақырым жерде. Бала шамамен 5 шақырым алыстап кеткен", - дейді машинист.
Баланың қанша сағат адасып жүргенін білмедік, дейді теміржолшы.

"Әбден жылап, екі иығы селкілдеп, өкси береді. Адам жатырқамайды екен, бізден қорықпайды, қашпады да. Түрі аянышты, жанымның ашығаны-ай!", - дейді теміржолшы.

34 жастағы Дәулет Өсербай тепловоз жүргізгеніне 15 жыл. Жол бойында мал көп, бірақ бұрын-соңды адам кездескені болмапты дейді. Ел ішінде айтылатын әруақты да кездестірген емеспін, дейді ол.
Дәулет Өсербай сол күні Әлішер Ізтілеу деген көмекшісімен болған, Матай теміржол бекетінде жұмыс істейді. Дәулет Өсербай екі баланың әкесі, бірі - 3 жасар, бірі - 1 жасар.
© PhotoТеміржолшы Дәулет Өсербай
Теміржолшы Дәулет Өсербай - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.09.2026
Теміржолшы Дәулет Өсербай
Әкесі машина жасап, анасы ас қамымен жүрген
Sputnik Қазақстан тілшісі баланың ата-анасын да анықтады.
Бала Сарыөзек ауылында тұрады. 35 жастағы анасының айтуынша, баласымен Айнабұлақ ауылына жақын маңдағы шаруа қожалығына қонаққа келген. Күйеуі көлік дөңгелегін жөндеп, ал анасы ас қамымен жүргенде бала теміржол бойында жоғалып кеткен.
Полиция қызметкерлері ата-анасымен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Айта кетейік, оқиға 20 қыркүйекте болған.
Алматыда майор cағызға қақалып қалған қызды құтқарып қалды - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.08.2026
Алматыда майор cағызға қақалып қалған қызды құтқарып қалды
Жаңалықтар
0