ТМД оқушылары Мәскеудегі орыс тілі олимпиадасына қатысуға шақырту алды
19:12 21.09.2026 (жаңартылды: 19:14 21.09.2026)

© Sputnik / Санат Имангалиев
Жазылу
25 финалист 21-24 қараша аралығында Мәскеудегі мәдени-білім беру бағдарламасына қатысуға шақырылады
АСТАНА, 21 қыркүйек – Sputnik. Владимир Дальдың туғанына 225 жыл және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының 35 жылдығына орайластырылған Халықаралық орыс тілі олимпиадасы басталды, деп хабарлады Ресей Оқу-ағарту министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық орталығы.
"Бұл ауқымды білім беру іс-шарасы орыс тілі мен мәдениетіне қызығушылықты арттыруға арналған алаң ретінде қызмет етеді, сондай-ақ орыс тілінің байлығы мен мәнерлілігіне шынайы құмар талантты оқушыларды анықтауға көмектеседі", - делінген хабарламада.
ТМД-ға мүше мемлекеттерден 7-9 сынып оқушылары қатысуға шақырылады.
Олимпиада екі бағыт бойынша өткізіледі:
"Орыс тілі шетел тілі ретінде" — орыс тілін шетел тілі ретінде оқитын оқушыларға арналған;
"Орыс тілі білім алу тілі ретінде" — ана тілі немесе негізгі оқыту тілі орыс тілі болып табылатындарға арналған.
"Бірінші іріктеу кезеңіне тіркелу 21 қыркүйектен 18 қазанға дейін ашық. Бұл кезең барысында қатысушылар Владимир Дальдың өмірі мен шығармашылығына қатысты тест тапсырмаларын орындайды", - делінген хабарландыруда.
Қорытынды кезең 21-23 қазан аралығында өтеді.
"Әр елде бірінші кезеңнен ең жоғары ұпай жинаған оқушылар қатысады. Бұл кезеңнің негізгі міндеті - шығармашылық эссе жазу", - делінген хабарландыруда.
Қорытынды кезеңнің нәтижелері бойынша 25 финалист Мәскеуге 21-24 қараша аралығында өтетін мәдени-білім беру бағдарламасына қатысуға шақырылады.
Жоба 22 қарашада, Владимир Иванович Дальдың туған күнінде марапаттау рәсімімен аяқталады.
Орталықтың Білім беру департаментінің басшысы Олеся Вечтің айтуынша, орыс тілі олимпиадасы орыс тілі мен мәдениетіне шынайы қызығушылық танытатын дарынды мектеп оқушыларын анықтауға және қолдауға маңызды үлес қосады.
"Біз үшін Олимпиаданың орыс тілінің халықаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі мәртебесін нығайтып қана қоймай, сонымен қатар жас ұрпаққа Владимир Иванович Дальдың бай мұрасымен байланыс орнатуға, орыс тілінің тереңдігі мен сұлулығын ашуға көмектесетіні ерекше маңызды", - деді ол.
Іс-шараның мақсаты - орыс тілін ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретінде қолдау, мәдени және гуманитарлық байланыстарды нығайту және мектеп оқушыларын Владимир Даль мұрасымен танысу арқылы орыс тілін үйренуге ынталандыру.
