Бопсалау, тонау, алаяқтық: жыл басынан бері 22 қылмыстық топ ұсталды

© Photo : пресс-служба МВД КазахстанаПолицейский
Полицейский - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.09.2026
Жазылу
Мұндай топтар елдің әртүрлі өңірлерінде, соның ішінде Алматы қаласында, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында әрекет еткен
АСТАНА, 15 тамыз – Sputnik. Жыл басынан бері ішкі істер органдары діни-экстремистік идеяларды жамылған 22 қылмыстық топтың қызметін тоқтатты. Олардың құрамында болған 64 адам ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Олар бопсалаумен, алаяқтықпен, тонаумен айналысқан, браконьерлікпен және есірткі өткізумен шұғылданған. Қылмыстық әрекеттер жасау үшін атыс қаруын сақтаған. Мұндай топтар елдің әртүрлі өңірлерінде, соның ішінде Алматы қаласында, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында әрекет еткен. Мәселен, Алматыда радикалды діни идеяларды ұстанған төрт адам қала тұрғынынан 7,5 млн теңгені ұрлап кеткен. Кінәлілер сот үкімімен 5 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Петропавлда радикалды діни идеологияны ұстанушы әйел жасаған алаяқтықтың төрт эпизоды ашылды. Келтірілген залалдың жалпы сомасы 2 млн теңгеден асты. Әйел 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
Павлодарда радикалды діни көзқарастарды ұстанатын жергілікті тұрғын алаяқтықтың 17 эпизодын жасаған. Келтірілген залал 8 млн теңгеден асты. Сот оған 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

"Жалпы, ішкі істер органдары діни экстремизм идеяларын ұстанушылар жасаған пайдакүнемдік-зорлық сипатындағы 155 қылмыстың бетін ашты. Заңсыз айналымнан 114 атыс қаруы, 3 суық қару, 7 граната, 1600-ден астам оқ-дәрі және 32 келіден астам есірткі тәркіленді. Сонымен қатар полиция экстремистік және террористік қылмыстарды, оның ішінде интернетте радикалды идеологияны таратуды анықтап, жолын кесіп жатыр", - дейді министрлікте.

Ақтөбеде қала тұрғыны әлеуметтік желілерде өзге дін өкілдерін қорлау арқылы діни араздықты жария түрде қоздырған. Ол 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Ақтөбедегі тағы бір жағдайда зорлық-зомбылық акцияларын жоспарлаған радикалды көзқарастағы жас жігіт ұсталды. Терроризмді насихаттағаны үшін сот оған 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Түркістан облысында радикалды діни идеологияны ұстанушы ұсталды. Ол интернетте халықаралық террористік ұйым – "Өзбекстан ислам қозғалысының" идеяларын белсенді түрде таратқан. Ол 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Адам ұрлап, басқа да ауыр қылмыстар жасаған: ҰҚК 24 қылмыстық топ мүшелерін ұстады - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.09.2026
Видео
Адам ұрлап, басқа да ауыр қылмыстар жасаған: ҰҚК 24 қылмыстық топ мүшесін ұстады
Жаңалықтар
0