Тоқаев жасанды интеллект бойынша БРИКС+ серіктестігін іске қосуды ұсынды
15:23 13.09.2026 (жаңартылды: 15:35 13.09.2026)

© Пресс-служба президента Казахстана
Жазылу
Бұл ретте еліміз БРИКС плюс аясындағы тиімді ынтымақтастықтың аясын кеңейту үшін алдыңғы қатарлы есептеу инфрақұрылымын, сондай-ақ БҰҰ-ның ұлттық және цифрлық орталықтарын жұмылдыруға дайын
АСТАНА, 13 қыркүйек – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Делиде "аутрич"/"БРИКС плюс" форматындағы пленарлық отырыста сөз сөйледі.
Жиын "Орнықтылықты, инновацияны, ынтымақтастық пен тұрақтылықты нығайту" тақырыбына арналған.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жаһан жұртының жартысына жуығын құрайтын және әлемдік ішкі жалпы өнімнің 40 пайызын беретін БРИКС – айтарлықтай мүмкіндікке ие. Сонымен бірге аталған құрылым алауыздықты азайтып, нақты нәтижеге қол жеткізуге де жауапты.
"Дегенмен халықаралық қоғамдастық алдында тұрған іргелі мәселелердің шешімін тауып, жетекші державалар арасындағы сенім деңгейін қалпына келтірмейінше, БРИКС әлеуетін толық іске асыру мүмкін емес. Бұл үрдіс 2026 жылы жарияланған Жаһандық бейбітшілік индексінде айқын көрініс тапты. Геосаяси қақтығыстар ушығып, милитаризация күшейген, көпжақты институттар әлсіреп, сауда кедергілері көбейген кезеңді сипаттайтын "Жаппай жікке бөліну" деген ұғым пайда болды", - деді президент.
Мемлекет басшысы бүгінде әлем аймақтық кикілжіңдердің қақтығысушы тараптармен шектелмей, халықаралық экономикаға зардабын тигізе бастағанына куә болып отырғанын айтты.
"Халықаралық қауіпсіздік архитектурасының күйреуі және ұзаққа созылған қақтығыстар жаңа қарулану жарысы мен стратегиялық қателіктерді, сондай-ақ жаңсақ шешімдер қабылдау қаупін күшейтеді. Сондықтан ядролық, соның ішінде жаңа технологияларға қатысты қатерлерді азайту мақсатында атом қаруы бар державалардың жоғары деңгейдегі диалогы өте қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пайымдауынша, жетекші державалар арасында сенім деңгейінің төмендеуі Біріккен Ұлттар Ұйымының тиімді әрекет ету мүмкіндіктерін шектейді.
"Алайда БҰҰ-ға балама жоқ. Реформа Ұйымның қақтығыстардың алдын алып, ұжымдық шешімдер қабылдау әлеуетін нығайтуға тиіс. БҰҰ Жарғысы мүлтіксіз сақталуы қажет. Оны әркім өз бетінше қолдануына болмайды. Қауіпсіздік Кеңесін реформалау кезінде қазіргі әлемнің жағдайы ескеріліп, оның құрамында Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінің өкілдері болуын қамтамасыз еткен жөн. Дамып келе жатқан орта державалар да жаһандық ауқымдағы шешім қабылдауға салмақты үн қосуы керек. Өйткені олар диалогты өрбітіп, геосаяси қайшылықтар мен келіспеушіліктерді еңсеруге ықпал ете алады", - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы экономиканы, қоғамды және күштердің жаһандық теңгерімін өзгерте бастаған жасанды интеллектінің рөліне тоқталды.
"Қазақстан үшін жасанды интеллект стратегиялық басымдыққа ие. Бұл ретте еліміз БРИКС плюс аясындағы тиімді ынтымақтастықтың аясын кеңейту үшін алдыңғы қатарлы есептеу инфрақұрылымын, сондай-ақ БҰҰ-ның ұлттық және цифрлық орталықтарын жұмылдыруға дайын. Нақты шара ретінде жасанды интеллект саласы бойынша БРИКС плюс серіктестігін іске қосуды ұсынамын. Оның аясында ұлттық ЖИ орталықтарын біріктіруге, зертханалар мен ғылыми жобаларды қолжетімді етуге, сондай-ақ бірлесіп көптілді шешімдер әзірлеуге болады", – деді мемлекет басшысы.
Президент сөзін түйіндей келе, тиімді көпжақты ынтымақтастық болмаса, көпполярлы жүйе жікке бөлінуді одан сайын ушықтырып, адамзатқа қауіп төндіретінін айтты. Оның пікірінше, Қазақстан егемендікке, мүдделердің теңгеріміне және ортақ жауапкершілікке негізделген жасампаз көпполярлы жүйені қолдайды.
