"Төсекке таңылдық": Қапшағайда гидроскутер қаққандар әділдік іздеп жүр

© Sputnik / Айдана ДайыроваҚапшағай жағажайы шомылу маусымына дайындалып жатыр
Қапшағай жағажайы шомылу маусымына дайындалып жатыр - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.09.2026
Жазылу
АСТАНА, 8 тамыз - Sputnik. Қапшағайда гидроскутер демалушылар мінген креслоны соғып, төрт адам зардап шекті. Екеуі төсекке таңылды. Бір жарым ай бұрын болған оқиға әлі де дұрыс тергелмей жатыр деген Назира Оспанбек Sputnik Қазақстан тілшісіне оқиға туралы айтып берді.
25 шілдеде отбасымен демалуға барып, апатқа ұрынған Назира Оспанбек қазір төсекке таңылып жатыр.
© PhotoҚапшағайда гидроскутер қаққандар әділдік іздеп жүр
Қапшағайда гидроскутер қаққандар әділдік іздеп жүр - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.09.2026
Қапшағайда гидроскутер қаққандар әділдік іздеп жүр
"Қайық сүйрейтін креслоға төрт адам отырдық. Содан қайық біраз жүрген соң тоқтап қалды. Бізге "жағаға қайт" деп қол бұлғап, күйеуім ысқырып белгі берді. Бірақ неге екенін қайық қозғалмай бір минуттай тұрып қалды", - дейді Назира Оспанбек.
Қайық сәлден соң оңға қарай қозғалады. Ал адамдар отырған кресло солға жылжыған. Дәл сол сәт қайдан келгені белгісіз, адамдар отырған креслоны гидроскутер келіп соғады.
"Үш гидроскутер жарысып келе жатқан. Бізді қаққан адам жанындағыларға алаңдап келе жатып, бізді көрмей қалған. Қайық пен біз отырған креслоны көрмеген. Сондай қатты екпінмен келіп соқты. Біз суға құладық. Мен демала алмай қалдым. Біз суға құлап, тұншығып жатқанда қайық пен гидроскутер жүргізушілері өзара дауласып жатты", - дейді Назира Оспанбек.
Назираның күйеуі жанұшыра басқа қайықтарды көмекке шақырады. Креслода ерлі-зайыпты мен 13 жастағы баласы және достарының 14 жастағы қызы болған.
"Досымыздың қызы суға тұншығып қалды. Бізді әрең қайыққа көтеріп, жағаға апарды. Қыз бен маған бірден ота жасалды. Менің қуығым екі жерден жарылып кеткен, іштен қан кеткен, төрт қабырғам сынып, өкпем жаншылып қалыпты. Жамбас сүйегім сынған. Ота бес сағат жасалды", - дейді жәбірленуші.
Ал 14 жастағы жасөспірім бір апта комада жатқан, оның да сүйектері бірнеше жерден сынған. Қазір Назира мен жасөспірім қыз төсекке таңылып жатыр.
Назираның айтуынша, бұл оқиғаға үш тарап кінәлі: гидроскутер жүргізушісі, кресло сүйреген қайық жүргізушісі және гидроскутерді жалға берген кәсіпкер.
"Олар демалушыларға қызмет көрсетіп тұрған соң, адамның қауіпсіздігіне жауап беру керек. Гидроскутер жүргізу үшін арнайы рұқсат болу керек екен. Сондай-ақ гидроскутер мен демалушылардың судағы жолдары белгілену керек. Адамдарды креслоға отырғызған соң қайық жүргізушісі де жауапкершірікпен қарау керек", - дейді Назира.
Бірақ бұл талаптардың бір де бірі сақталмаған. Гидроскутер рөлінде 37 жастағы ер адам болған.
"Үш тарап та жауап беруге міндетті. Сол сияқты демалушының қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген қайық жүргізушісі де кінәлі. Қазір қайық жүргізушісі мен гидроскутерді жалға берген адам жауапқа тартылып жатқан жоқ. Тек бізді қаққан жүргізуші ғана тергелуде. Тергеушінің айтуынша, бізді ешкім креслоға сүйреп отырғызған жоқ, ол кінәлі емес", - дейді жәбірленуші.
Келесі жазда да талай демалушы қайыққа отырып, гидроскутермен демалады. Ешкім біздің жайтты бастан кешірмесін, дейді Назира Оспанбек.
"Гидроскутер жүргізушісі "не істеп аласың, ары кетсе екі ай қамаламын" деп шімірікпей тұр. Сонда осыншама азапқа салған адам жазадан оңай құтыла ма", - дейді жәбірленуші.
Алматы облысының полиция департаменті оқиғаға қатысты тергеу әлі де жүргізіліп жатқанын айтады.
Жаңалықтар
0