Зейнетақы жинағын толығымен аударуға болады – 7 қыркүйектен жаңа ереже күшіне енді

© Photo : Пресс-служба министерства труда и социальной защиты Казахстана Зейнетақы жинақтарын толығымен аударуға болады – жаңа ереже күшіне енеді
Зейнетақы жинақтарын толығымен аударуға болады – жаңа ереже күшіне енеді - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.09.2026
Жазылу
Бұған дейін зейнетақы жинағының тек жартысын сенімгерлік басқаруға беруге рұқсат болған
АСТАНА, 7 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанда зейнетақы жинақтарын толығымен сенімгерлік басқаруға беруге болады. Ондайда жиналған ақшаны мерзімінен бұрын пайдалануға арналған жеткіліктілік шегі ескерілмейді. Sputnik Қазақстан жаңа ереженің негізгі нормаларын ұсынады.

Сенімгерлік компанияларға сенім бар ма

Бұған дейін зейнетақы жинағының тек жартысын сенімгерлік басқаруға беруге рұқсат болған. 7 қыркүйектен бастап бұл шектеу алынды. Осылайша, зейнетақы жинағы бар кез келген адам жеткіліктілік шегіне қарамастан барлық ақшаны сенімгерлік басқаруға аудара алады. Қазір зейнетақы қорының ақшасын Ұлттық банк басқарады.

Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, қазіргі кезде кәсіби басқарушы компаниялар бар. Олар барлық зейнетақы жинақтарының 0,5 процентін басқарады.

"Негізі триллиондаған ақшаны басқарған оңай емес. Себебі қаржының көлемі үлкен, икемді емес. Ал шағын басқарушы компаниялар барынша мобильді бола алады. Инвестициялық мүмкіндіктерді тез тауып, соған ақша салып, табыс тауып отыруға мүмкіндік бар", - деді Сүлейменов Астанада өткен брифингте.

Оның айтуынша, бұл сенімді компаниялар. Дегенмен жоғары табыс қуған инвестор кей кезде күткен нәтижесіне жетпей қалуы да мүмкін. Сондықтан ең алдымен басқарушы компанияны жан-жақты зерттеп алған жөн.

Қазақстанда неше компания бар

Қазір зейнетақы активтерін басқару үшін барлық талаптарға сай келетін бес компания бар. Олар:
"BCC Invest" АҚ;
"Сентрас Секьюритиз" АҚ;
"Alatau City Invest" АҚ;
"Halyk Finance" АҚ;
"Tansar Capital" АҚ.
Ал "Halyk Global Markets" АҚ-сымен рәсімделген келісімшарт 2027 жылдан бастап тоқтатылады.
"Осыған орай БЖЗҚ 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап "Halyk Global Markets" АҚ басқаруына зейнетақы активтерін аудару туралы салымшылардың жаңа өтініштерін қабылдамайды", - дейді қор мамандары.

Компанияны қалай таңдау керек

Бүгінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ресми сайтында enpf.kz әрбір компанияның инвестициялық стратегиялары мен жұмыс нәтижелері жарияланады. Мамандар компанияны таңдау кезінде инвестициялық портфельді қалыптастыру өлшемшартына назар аударуға кеңес беріп отыр. Кірістілік пен тәуекел деңгейіне қарай жұмыстың тиімділігін объективті түрде бағалауға болады.
Ал әрбір компанияның бір айдағы және бір жылдағы табысын мына жерден көруге болады. Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорының жұмыс нәтижесімен де салыстыруға мүмкіндік бар.

Ақша қалай аударылады

Салымшы мен басқарушы компания арасында келісімшарт жасалмайды. Компания БЖЗҚ-мен тікелей инвестициялық портфельді басқару туралы шарт рәсімдейді. Бірақ зейнетақы жинақтарының иесі өз рұқсатын беруі керек.
Өтініш беру жолдары:
enpf.kz сайты;
БЖЗҚ мобильді қосымшасы;
БЖЗҚ-ның кез келген өңірлік бөлімшесі.
Салымшы бөлімшеге барған жағдайда жеке куәлікті немесе цифрлық құжатты көрсету керек.

Өтініш жіберілгеннен кейін 30 күннің ішінде зейнетақы жинақтары сенімгерлік басқаруға аударылады.

Зейнетақы жинағы қалай қайтарылады

Салымшы өз жинақтарын басқа сенімгерлік компанияға бір жылдың ішінде бір рет қана аудара алады. Ал Ұлттық банктің басқаруына қайтару үшін кем дегенде бір жыл күту керек. Одан кейін өтініштің негізінде қайтаруға мүмкіндік бар. Ақшаны қайтару мерзімдері:
салымшы зейнет жасына толған жағдайда – 10 жұмыс күні;
адам қайтыс болған жағдайда өтініш пен сот шешімі негізінде 2 жұмыс күні ішінде;
сенімгерлік басқару туралы шарт бұзылған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде;
ұлттық банктің басқаруына қайтарғанда - 30 күннің ішінде.
Ал зейнетақы активтері кірістілігінің ең төменгі мәні арасында теріс айырма пайда болса, басқарушы компания оны өтеуге міндетті.

Басқарушы компания ақшаны қайда сала алады

Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға алған жеке меншік компания ол ақшаны Қазақстанда және шетелде әртүрлі валютадағы түрлі қаржы құралдарына инвестициялай алады. Олар:
бағалы қағаздар (салымдар және басқа операциялар) бойынша сыйақы түріндегі табыс;
қаржы құралдарын нарықтық және валюталық қайта бағалау түріндегі табыс;
сыртқы басқарудағы активтер бойынша табыс және т. б.
Бүгінде зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесі де бар.

Инвестициялық табысты қалай бақылауға болады

Әрбір салымшының есептелген инвестициялық табысты enpf.kz сайтындағы өзінің жеке кабинетінде немесе мобильді қосымшада көре алады. Мәселен, сайтта "Сараптау/Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару" деген арнайы бөлім бар.
Заң бойынша басқарушы компания банкрот болған жағдайда зейнетақы активтері Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруына қайтарылады.
Айта кетері, заң бойынша зейнетақы аннуитетін рәсімдеген азаматтар да барлық зейнетақы жинағын сенімгерлік басқаруға аудара алады.
 Портмоне с деньгами - Sputnik Қазақстан, 1920, 31.08.2026
Зейнетақы мен АЕК өседі: үш жылға арналған бюджет жобасы жарияланды
Жаңалықтар
0