Азия чемпионы Абзал Әжіғалиев спорттағы мансабын аяқтайтынын мәлімдеді

Абзал Әжіғалиев - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.09.2026
Жазылу
Ел тарихында алғаш рет Әлем кубогының алтын медалін жеңіп алып, Олимпиада ойындарына төрт рет қатысты
АСТАНА, 3 қыркүйек – Sputnik. 34 жастағы шорт-тректен Азия чемпионы Абзал Әжіғалиев спорттық мансабын аяқтайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Абзал осы спортқа 10 жасында келген. Ал 17 жасында ұлттық құраманың сапына қабылданған болатын. Осы уақытқа дейін барлық дистанцияда Қазақстан чемпионы атанды. Ел тарихында алғаш рет Әлем кубогының алтын медалін жеңіп алған. Олимпиада ойындарына төрт рет қатысты. Ал 2025 жылы Харбинде эстафета жарысында Азия чемпионы атанған.
"Спорт маған тек жарысуды емес, мінез, тәртіп, төзім және Отан алдындағы жауапкершіліктің не екенін үйретті. Осы жолда мен әр жарыс сайын Қазақстанның абыройын асқақтатуға бар күш-жігерімді салдым. Биыл кәсіби спортшы ретіндегі мансабымды аяқтау туралы шешім қабылдадым. Кез келген спортшының жолында жаңа белеске қадам басар сәті келеді. Мен үшін дәл сондай кезең басталды. Осы жылдардың әр сәтіне ризамын", - деп жазды Әжіғалиев әлеуметтік желідегі парақшасында.
Алдағы уақытта Абзал бапкерлікке ауысып, жас спортшыларға бағыт-бағдар беруді жоспарлап отыр. Негізгі мақсаты - келесі буынның бұдан да биік белестерді бағындыруы. Осы орайда спортшы өзіне қолдау көрсеткен отбасына, бапкерлеріне, дәрігерлер және бірге еңбек еткен барша жанға шынайы алғысын жеткізді.
"Қуанышымды да, жеңілісімді де бірге бөліскен әр жанкүйерге рақмет. Сіздердің сенімдеріңіз бен қолдауларыңыз маған әрдайым ерекше күш беретін. Алдағы уақытта да командамызды қолдап, шорт-трек спортын ұмытпауларыңызды сұраймын. Ал менің спорттағы миссиям аяқталған жоқ. Тек енді ол жаңа деңгейде жалғасады", - дейді Әжіғалиев.
АБЗАЛ ӘЖІҒАЛИЕВ БЕЙЖІҢ ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ ФИНАЛЫНА ШЫҚТЫ - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.02.2022
Бейжің Олимпиадасы
Абзал Әжіғалиев үздік төрттікке енді
Жаңалықтар
0