Тоқаев ШЫҰ саммиті аясында Әзербайжан басшысымен кездесті

© Photo : АқордаҚасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевпен кездесті
Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевпен кездесті - Sputnik Қазақстан, 1920, 31.08.2026
Жазылу
Тоқаев Әлиевке Қазақстандағы ауқымды саяси реформалар мен Құрылтай сайлауының нәтижесі жөнінде әңгімеледі
АСТАНА, 31 тамыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ саммиті аясында Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиевпен кездесті, деп хабарлады Ақорда.
Тоқаев Әлиевке Қазақстандағы ауқымды саяси реформалар мен алғашқы бір палаталы Құрылтай сайлауының нәтижесі жөнінде әңгімеледі.
Президент Құрылтай сайлауының өтуіне байланысты білдірген жылы лебізі, сондай-ақ Әзербайжан өкілдерінің байқаушылар миссиясы құрамындағы белсенділігі үшін Ильхам Әлиевке алғыс айтты.
"Еліміздің тарихында бұл сайлау тұңғыш рет халықаралық ұйымдар тарапынан бірауыздан оң бағаға ие болды. Құрылтай Әзербайжан Парламенті – Милли мәжіліспен белсенді жұмыс істеуге ниетті. Мен өз тарапымнан осы бағыттағы ынтымақтастықты барынша қолдаймын", – деді президент.
Ильхам Әлиев Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың ауқымы мен мән-маңызына тоқталды. Әзербайжан президенті елдер арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді
"Шын мәнінде, қарым-қатынасымыз табысты ілгерілеп, одақтастық сипатқа ие болды. Күн өткен сайын нақты мазмұнмен толығып келеді. Құрылтай сайлауының табысты өтуі және Қазақстан халқының қолдауы Сіздің реформаларыңыз бен бастамаларыңызды қоғам дұрыс қабылдайтынын көрсетеді", – деді Ильхам Әлиев.
Әңгімелесу кезінде сауда-экономикалық, инвестициялық ықпалдастық мәселелері, сондай-ақ көлік, логистика, энергетика және цифрландыру сияқты түрлі саладағы бірлескен жобалардың жүзеге асырылу барысы қарастырылды.
Кездесу соңында тараптар алдағы халықаралық іс-шаралар кестесін талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкек қаласына жұмыс сапарымен барды - Sputnik Қазақстан, 1920, 31.08.2026
Тоқаев Бішкекке жұмыс сапарымен барды
Жаңалықтар
0