Сайлауалды науқанға алғаш рет жергілікті саяси технологтар тартылды – видеокөпір
19:00 24.08.2026 (жаңартылды: 19:21 24.08.2026)

© Sputnik / Санат Имангалиев
Жазылу
Өткен Құрылтай сайлауынан кейін сарапшылар қандай қорытындыға келгенін Sputnik Қазақстан алаңындағы видеокөпір барысында айтып берді
АСТАНА, 24 тамыз – Sputnik. Sputnik Қазақстан алаңында өткен видеокөпір барысында "Еуразиялық мониторинг" талдамалық зерттеулер орталығының директоры Әлібек Тәжибаев Құрылтай сайлауының сайлауалды науқаны кезінде алғаш рет жергілікті саяси технологтардың тартылғанын атап өтті.

Әлібек Тәжібаев
© Sputnik / Санат Имангалиев
"Сайлауалды науқан кезінде қазақстандық саяси технологтар ғана көптеген жобамен жұмыс істеген жоқ, сонымен қатар жекелеген өңірлерде жергілікті кадрлар көптеп тартылды. Мен Қарағанды және Түркістан облыстарындағы сайлауалды белсенділікті бақылауға мүмкіндік алдым. Орталықтан келетін, "Алматы немесе Астана" стиліндегі адамдардың емес, жергілікті қоғам белсенділері мен қоғамдық пікір көшбасшыларының көптеп тартылғанын көрдім. Олар белгілі бір партияларды саналы түрде және белсенді түрде үгіттеді", – деді ол.
Оның айтуынша, сайлау тарихында алғаш рет жеті партияның ішінен Қазақстанның Халық партиясы мен "Байтақ" партиясы парламентке өтпей қалды.
"Әділет" 70%-дан астам дауыс жинаса, қалған бес партияның көрсеткіші шамамен бірдей.
Ал "Еуразия әлемі" қоғамдық қорының басшысы Эдуард Полетаев сайлаудан кейін Қазақстанды не күтіп тұрғанын айтты.

Эдуард Полетаев
© Photo : из личного архива Эдуарда Полетаева
"Сайлауға қатысты интрига әлі аяқталған жоқ. Өйткені жаңа Конституция мен оның тетіктері Үкімет құрамының өзгеруге тиіс екенін көрсетіп отыр. Сондай-ақ вице-президент әлі тағайындалған жоқ. Әрине, Халық кеңесі мүшелерінің тағайындалуы да маңызды", – деді ол Sputnik Қазақстан ұйымдастырған бейнекөпір барысында.
Халық кеңесінің құрамына кімдер кіреді?
Саясаттанушы оның құрамында жаңа Құрылтайға өтпей қалған партиялардың бұрынғы депутаттары немесе кандидаттары болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
"Халық кеңесі белгілі бір деңгейде өкілді орган болып саналады және өкілдік функциялардың бір бөлігін Құрылтайдан өзіне алады. Оның үстіне, Халық кеңесінің заң шығару бастамасы құқығы да бар. Меніңше, оның құрамында Құрылтайға қарағанда қоғамға танымал тұлғалар көбірек болады", - деді Полетаев.
Үкімет құрамы өзгере ме?
"Жалпы алғанда, қандай да бір түбегейлі өзгерістер болады деп күтудің қажеті жоқ деп ойлаймын", - деді ол.
Вице-президент қызметін кім атқаруы мүмкін?
Саясаттанушының пікірінше, бұл қызметке үміткерлердің тізіміне Ерлан Қошанов, Мәулен Әшімбаев, Ерлан Карин және Қанат Бозымбаевты кіргізуге болады.
