Сайлау заңнамасын бұзудың 8 фактісі тіркелді - Бас прокуратура
14:12 21.08.2026 (жаңартылды: 14:46 21.08.2026)

© Sputnik / Санат Имангалиев
Жазылу
Прокурорлар әкімшілік жауаптылыққа қысқартылған тәртіппен жеті жеке тұлғаны және бір заңды тұлғаны тартты
АСТАНА, 21 тамыз – Sputnik. Бас прокуртура сайлауалды үгіт-насихат жүргізу қағидаларын еске салды.
Ресми ақпаратқа сәйкес, прокуратура органдары Құрылтай депутаттарын сайлаудың барлық кезеңінде заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды жүзеге асыруды жалғастырып жатыр.
Жалпы, сайлау циклі құқықтық алаңда өтуде, дейді прокурорлар.
"Бүгінгі таңда прокуратура органдары сайлау заңнамасын бұзудың 8 фактісін тіркеді, оның ішінде 3 факт – сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сауал салуға және 5 факт – тыйым салынған кезеңде үгіт жүргізуге байланысты", - деп жазылған хабарламада.
Әкімшілік жауаптылыққа прокурорлар қысқартылған тәртіппен жеті жеке тұлғаны және бір заңды тұлғаны тартты. Олардың барлығы кінәсін мойындап, онлайн-платформалардағы заңсыз жарияланымдарын жойған.
Прокурорлар заңға сәйкес сайлау алдындағы үгіт 2026 жылғы 22 тамызда, сағат 00:00-де аяқталатынын ескертті.
Сонымен қатар "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңының 32-бабы 1-тармағына сәйкес дауыс беру күні және оның алдындағы күнi кез келген сайлау алдындағы үгiтке тыйым салынады, яғни 2026 жылғы 22 және 23 тамызда.
"Осыған байланысты сайлау комиссияларының үй-жайларынан және дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс жерлерде бұрыннан ілулi тұрған баспа үгiт материалдарын сол орындарында қалдыруға болады. Сол сияқты интернет желісінде бұрын орналастырылған үгіт материалдарын бұрынғы орындарында қалдыруға болады", - дейді Бас прокуратура.
Бұл ретте, бұрын орналастырылған материалдарды интернет-ресурстардың басты беттеріне шығаруға жол берілмейді. Сондай-ақ толтырылған бюллетеньді фото және видеоға түсіруге және оны дауыс беру күні таратуға тыйым салынады.
Осы құқықтық шектеулер сақталмаған жағдайда үгіт жүргізуге тыйым салынған кезеңде оны жүргізгені үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 102-бабы бойынша әкімшілік жауаптылық туындайды:
жеке тұлғаларға – 15 АЕК;
шығын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 20 АЕК;
орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 25 АЕК;
ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 35 АЕК мөлшеріндегі айыппұл.

