2-4 сынып оқушылары қалай бағаланады: вице-министр жаңа жүйені түсіндірді
16:33 17.08.2026 (жаңартылды: 18:01 17.08.2026)
Жазылу
Енді педагог оқушының бір ғана тапсырмасын емес, сабақ басталғаннан аяқталғанға дейінгі барлық оқу әрекетін тұтастай ескереді
АСТАНА, 17 тамыз – Sputnik. Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова оқушылардың білімін бағалаудың жаңа жүйесін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Жаңа оқу жылынан бастап 1-сыныптарда бағалау жүйесі өзгеріссіз қалады. Ал 2-4 сыныптарда бағалаудың жаңартылған тәсілдері енгізіледі. Атап айтқанда, формативтік бағалау тәртібі өзгереді. БЖБ мен ТЖБ-ның орнына аралық бағалау енгізіледі.
Бұған дейін формативтік балл кей жағдайда оқушыға сабақтың жекелеген кезеңіндегі жұмысы, мысалы, үй тапсырмасын орындауы немесе белгілі бір тапсырманы сәтті орындауы негізінде қойылып келген. Енді педагог оқушының бір ғана тапсырмасын емес, сабақ басталғаннан аяқталғанға дейінгі барлық оқу әрекетін тұтастай ескереді.
"Яғни сабақтың әр кезеңінде орындалған тапсырмалар, оқушының жауаптары, жұмыс нәтижелері және оқу мақсатына қаншалықты қол жеткізгені есепке алынып, соның негізінде ортақ формативтік балл қойылады. Осылайша, формативтік бағалау оқушының бір сәттік нәтижесін емес, сабақ барысындағы жалпы оқу әрекетін көрсетуге бағытталады", — деді Ақпарова Астанада өткен брифингте.
Вице-министрдің айтуынша, әр пән бойынша бір тоқсанда 30 сабақ өткізілсе, әр оқушы кемінде 9 сабақта формативтік балл алуға тиіс. Бұл – ең төменгі талап. Педагог қажет болған жағдайда білім алушыны одан да жиі бағалай алады.
Аралық бағалау қалай өткізіледі
Формативтік бағалау оқушының күнделікті оқу үлгерімін көрсетсе, аралық бағалау белгілі бір бөлім немесе бөлімдер аяқталғаннан кейін сол кезеңде меңгерілген білім мен дағдыларды қорытындылайды.
Аралық бағалаудың негізгі түрлері:
диктант;
бақылау жұмысы;
шығарма;
мазмұндама.
Мұндай жұмыстар аралық бағалаудың негізгі түрлерінің бірі ретінде өткізіліп, оларды орындауға толық сабақ уақыты – 45 минут беріледі.
"Аралық бағалау тек диктант жазумен немесе есеп шығарумен шектелмейді. Оның мазмұнына оқу және математикалық сауаттылықты, ақпаратпен жұмыс істеуді, талдауды, қорытынды жасауды және алған білімді практикалық жағдайда қолдануды анықтауға бағытталған тапсырмалар енгізіледі. Тілдік пәндерде тыңдалым, айтылым, оқылым және жазылым дағдылары да ескеріледі", - дейді Ақпарова.
Тілдік пәндер мен математика бойынша жұмыстар алдын ала дайындалған шаблондарда немесе жауап парақтарында емес, оқушының өз дәптерінде орындалады. Бұл оқушының тапсырманы дайын үлгіге сүйенбей өз бетінше орындауына, жазу мәдениетін қалыптастыруға, сауатты жазуына, есептің шешу жолын және жұмыс ретін көрсетуіне мүмкіндік береді.
Бағалау балдары
Аралық бағалаудың ең жоғары балы:
2-сыныпта – 12 балға дейін;
3-сыныпта – 14 балға дейін;
4-сыныпта – 16 балға дейін.
Жұмыстың ең жоғары балы тапсырмалардың санына, мазмұнына және күрделілік деңгейіне қарай айқындалады.
"Сондай-ақ педагогке әр бағалау жұмысы үшін жеке жауап парақтарын немесе дайын бланкілерді әзірлеу қажеттілігі азаяды. Дәптерде орындалған жұмыс мұғалімге тек соңғы жауапты емес, оқушының тапсырманы қалай орындағанын, қай жерде қиналғанын және қандай дағдыны әрі қарай дамыту қажет екенін көруге мүмкіндік береді", — деп атап өтті вице-министр.
Барлық пән бойынша баға қойылады
Бұған дейін "Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект", "Еңбекке баулу", "Бейнелеу өнері", "Музыка" және "Дене шынықтыру" пәндері бойынша баға қойылмаған. Жаңа оқу жылынан бастап осы пәндер бойынша формативтік бағалау жүргізіліп, аралық бағалау тоқсанына бір рет өткізіледі.
"Бұл қосымша жазбаша бақылау жұмыстарын көбейтпейді. Керісінше, пәннің ерекшелігіне сәйкес сабақ барысында орындалатын практикалық, шығармашылық, жобалық, зерттеу, спорттық, жеке және командалық жұмыстардың нәтижесіне негізделеді", - деп түйіндеді Ақпарова.
Ата-аналар бәрін көре алады
Тоқсандық баға екі бөліктен тұрады:
50 пайызы формативтік бағалау;
50 пайызы аралық бағалау нәтижесінен құралады.
Тоқсандық баға мектептің LMS жүйесінде белгіленген бірыңғай формула бойынша автоматты түрде есептеледі.
Ал формативтік және аралық бағалау нәтижелері электронды немесе қағаз журналда тіркеліп, білім алушының ата-анасына немесе заңды өкіліне қолжетімді болады. Осылайша, ата-ана баласының тек тоқсандық бағасын ғана емес, оқу барысындағы нәтижесін, қол жеткізген оқу мақсаттарын және қосымша назар аударуды қажет ететін бағыттарды көре алады.

