"Су беріңдерші": Шымкент тұрғыны бұрынғы әйелінің бетіне қышқыл шашып жіберді
11:46 13.08.2026 (жаңартылды: 12:58 13.08.2026)

© Sputnik / Тимур Батыршин
Жазылу
Гузаль алиментке арыз берген. Бірақ күйеуі еңбекақысын 80 мың теңге деп көрсетіп, небәрі 10 мың теңгеден төлеп отырған
АЛМАТЫ, 13 тамыз – Sputnik. Шымкентте 42 жастағы әйелдің бетіне бұрынғы күйеуі аккумулятор қышқылын шашып жіберді. Гузаль Каратаеваның жағдайы ауыр. Оқиға туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне жәбірленушінің анасы Нигара Мурзаметова айтып берді.
Оқиға 2 тамызда болған.
"Бұл адам – менің қызымның екінші күйеуі. Бірінші күйеуі қайтыс болған. Ал екінші күйеуімен 2019 жылы танысып, одан қыз босанған", - дейді Нигара Мурзаметова.
Жәбірленушінің анасының айтуынша, бала босанған алты айда Гузаль әбден әбіржіп, үнемі көңілсіз жүрген.
"Сөйтсем күйеуі қызымның атына млн теңге кредит алған. Сосын күйеу бала маған келіп, "300 мың теңге беріңіз, көлік аламын" деді. Мен олардың отбасында не болып жатқанын білмедім. Ақшаның бәрін алып, сол күйі жоқ болды, қайда кеткенін білмейміз", - дейді ол.
Ер адам 5 жыл бойы төбесін көрсетпеген. Гузаль алиментке арыз берген. Бірақ күйеуі еңбекақысын 80 мың теңге деп көрсетіп, небәрі 10 мың теңгеден төлеп отырған.
"Шілде айының соңында қызымның жұмысына барып, жанжал шығарған. Алименттен нотариалдық түрде бас тарт деп дау шығарған. Қызым "маған ешкімнен ешнәрсе керек емес, бізден аулақ жүр" деген. Сөйтсем қызыма тағы да кредит алдырмақ болған екен", - дейді Нигара Мурзаметова.
Әйелді күйеуі екі күн аңдыған. Алматыға алдын ала билет алып, түннің бір уағында бөтен нөмірден хабарлама жазады.
"Қызым шаштаразда жұмыс істейді. Маған шугаринг жасап беріңізші түнгі сағат 3 шамасында қызыма жазған. "Неге түнде жазып тұрсыз, менің жұмысым сағат тығызда басталады" деп қызым сұраса, таңертең жол жүруші едім, ұшаққа отыруым керек деп жауап берген", - дейді әйелдің анасы.
Гузельді күйеуі осылай деп алдап, түннің бір уағында далаға шығарып алған. Тасада тығылып тұрып, әйелдің бетіне қышқыл шашып жіберген.
"Қызымның жан дауысы шығып айқайлап, көмек шақырған. Таяу маңдағы үйлерден адамдар естіп, көмекке жүгірген. Қызым "Су, су беріңдерші" деп айқайлаған. Келген адамдар не болғанын түсінбеген. Ол бес литрлік су әкеп бетіне құйған, содан жедел жәрдем шақыртқан", - дейді әйелдің анасы.
Ал күдікті Алматыға қашып кетіп, ізін суытқан. Айтуынша, ер адамның Гузальге дейін екі әйелі болған. Олар бұл адамнан әрең құтылған.
"Ол адамның әке-шешесі қайтыс болған. Ағасы бар, бірақ ағасын тыңдамайды. Қызым оған күйеуге шығарда сол ағасының әйелі "Бұл таңдауыңды құптамаймын" деп ескертіпті. Оның бұрынғы әйелдерінен үш баласы бар", - дейді Нигара Мурзаметова.
Қазір әйелдің жағдайы ауыр, бірнеше ота жасату керек. Полиция күдікті ұсталғанын хабарлады.
"2 тамызда дене жарақаттарымен Шымкент қаласының тұрғыны ауруханаға жеткізілді. Оның бұрынғы күйеуі алдау жолымен кездесуге шақырып, әйелдің үстіне сұйықтық құйып, оқиға орнынан бой тасалағаны анықталды. Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады", - дейді Шымкент қаласының полиция департаменті.
Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының бақылауына алынған.

