"Жұмыс адамды өзі табады": цифрлық жұмыспен қамту қызметі қалай жұмыс істейді

CC0 / / Мобильный телефон в руках водителя, иллюстративное фото
Мобильный телефон в руках водителя, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.08.2026
Жазылу
Енді жүйе жұмыс берушілердің қажеттіліктеріне сәйкес жұмысқа мұқтаж азаматтарды өзі анықтайды
АСТАНА, 11 тамыз – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев цифрлық жұмыспен қамту қызметін енгізу жұмыстары басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Жаңа модельдің негізгі қағидаты – жұмысты адам іздемейді, жұмыс адамды өзі табады. Бұған дейін азамат порталдан бос жұмыс орындарын өз бетінше іздеп, мансап орталығына баратын. Енді жүйе жұмыс берушілердің қажеттіліктеріне сәйкес жұмысқа мұқтаж азаматтарды өзі анықтайды", – деді Ертаев үкіметтің бүгінгі отырысында.
Жүйе жұмыссыз азаматтарға eGov және Enbek.kz мобильді қосымшалары арқылы немесе 1414 нөмірінен SMS хабарламалар жібереді. Бұдан бөлек, оларға оқыту курстарынан өту, қайта даярлану немесе қоныс аудару ұсынылады.
"Нәтижесінде азаматқа тұрақты жұмысқа орналасқанға дейін сүйемелдеу қызметі көрсетіледі", – деп атап өтті министр.
Бүгінде жүйе Павлодар облысында пилоттық режимде енгізілді. Онда жұмысқа орналастыру бойынша 39 мың SMS хабарлама жіберілді. Шілде айынан бері 962 адам жұмысқа орналасты.
Қыркүйек айында цифрлық жүйені Маңғыстау облысында енгізу жоспарланып отыр. Ал жыл соңына дейін жүйе барлық өңірде іске қосылады.
"Осыған ұқсас жүйе азаматтарға Aitu мобильді қосымшасы арқылы да қолжетімді болады. ЖИ-көмекші лайықты бос жұмыс орындары мен оқыту курстарын іріктеп береді", – деді Ертаев.
Аскарбек Ертаев - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.08.2026
Әлеуметтік төлемдерді жасанды интеллект тағайындайды – министр
Жаңалықтар
0