Астананың бас санитариялық дәрігері вакцинаға қатысты мәлімдеме жасады

© AFP 2024 / CHRISTOF STACHEАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.08.2026
Жазылу
Бүгінде адам папилломасы вирусына қарсы вакцинаның алғашқы дозасын 11-13 жас аралығындағы 17 567 қыз, ал екінші дозасын 10 652 қыз алған
АСТАНА, 7 тамыз – Sputnik. Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Шағалтаева адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцина салу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қазіргі уақытта АҚШ-та өндірілген төртвалентті "Гардасил" вакцинасы қолданылады. Препарат алты ай аралықпен екі рет салынады.
Бүгінде адам папилломасы вирусына қарсы вакцинаның алғашқы дозасын 11-13 жас аралығындағы 17 567 қыз, ал екінші дозасын 10 652 қыз алған. 18 мамырдан бастап 14-18 жас аралығындағы қыздарды жоспарлы вакцинациялау науқаны басталған.
"Адам папилломасы вирусына қарсы вакцина бедеулікке әкелмейді. Керісінше, оның негізгі мақсаты – репродуктивтік ағзаларды онкологиялық аурулардан қорғау. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының зерттеулері мен ресми статистикаға сәйкес, 2013-2015 жылдары жүргізілген пилоттық вакцинация бағдарламасы аясында екпе алған 131 әйелдің кейінгі он жыл ішінде дені сау бір немесе екі баласы дүниеге келген", – деді Шағалтаева.
Вакцинацияның негізгі мақсаты – әйелдер арасында жиі кездесетін жатыр мойны обырының алдын алу. Вакцина адам папилломасы вирусының 6, 11, 16 және 18 типтерінен, оның ішінде онкогендік қаупі жоғары 16 және 18 типтерінен қорғайды.
Вакцина құрамында тірі вирус жоқ, сондықтан инфекция жұқтыруға себеп болмайды. Екпеден кейін вакцина салынған жерде қызару немесе дене қызуының аздап көтерілуі сияқты қысқа мерзімді реакциялар болуы мүмкін. Бұл – қалыпты әрі қауіпсіз құбылыстар.
Қазіргі уақытта адам папилломасы вирусының онкогендік және онкогендік емес тоғыз түрінен (6, 11, 16, 18, 31, 33, 45, 52 және 58) қорғайтын тоғызвалентті "Гардасил 9" вакцинасын сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Алдағы уақытта АПВ-ға қарсы вакцинация бағдарламасына ұл балаларды да енгізу жоспарланып отыр.
Жаңалықтар
0