Астанадағы "Болашақ ойындары": 70 жастан асқан волонтерлерге маңызды міндет жүктелді
16:56 05.08.2026 (жаңартылды: 16:57 05.08.2026)

© Sputnik / Арман Асқар
Жазылу
Олар үшін волонтерлік – жай ғана көмек емес, өмір салтына айналған игі іс
АСТАНА, 5 тамыз – Sputnik. Астанада өтіп жатқан "Болашақ ойындарында" жүздеген волонтер халыққа қызмет көрсетіп жүр. Олардың басым бөлігі – жастар. Алайда еріктілер арасында 70 жастан асқан белсенді азаматтар да бар. Олар көп көзге түсе бермейді, бірақ өте жауапты міндет атқарады. Соның арқасында жас волонтерлердің жұмысы жеңілдеп, барлығын жылы қарсы алып, сыпайы шығарып салады. Sputnik Қазақстан тілшісі еріктілердің штаб-пәтерінде болып, "күміс волонтерлердің" бұл іспен не үшін айналысатынын білді.
Жақсылық жасауға жас кедергі емес
Біз волонтер киімін киген үш апайды фойеден көріп қалдық. Үшеуі жарыс кезіндегі үзілісті пайдаланып, үстел басында бір-бірімен емен-жарқын әңгімелесіп отыр екен. Мойындарында бейдж, жүздерінде күлкі. 70-ке таяп қалған адамдарға мүлде ұқсамайды. Осы сәтті фотоға түсіріп алдық. Одан кейін әрқайсысымен әңгімелестік.

Астанадағы "Болашақ ойындары": 70 жастан асқан волонтерлерге маңызды міндет жүктелді
© Sputnik / Арман Асқар
Меруерт Рахметова бұрыннан ағылшын тілінде еркін сөйлеуді армандап жүрген. Алдымен тілді өз бетінше үйреніп көрген, курсқа да барған. Бірақ ойлаған нәтижеге жете алмаған.
"Мен көбінесе өзім іздендім, интернеттен көп видео көрдім. Ал ақылы курсқа барайын десем, қымбат. Содан зейнеткерлерге арналған курсқа барып көрдім. Ол жерде қызықсыз болды, олар әліпби оқиды, ал мен ағылшынша сөйлегім келді", – дейді ол.
Меруерт спикинг-клубқа да барған. Сол жерде көпшілік оның тіл үйренуге деген ынтасы мен адамдарға деген қамқорлығын байқап, волонтерлікпен айналысуға кеңес берген.
"Сөйтіп, волонтерлік қызметпен айналысып, "Болашақ ойындарына" да келіп қалдық. Бұл жерде таң атқаннан кешке дейін "Hello! How are you? Where are you from?" деп сөйлесіп, тілімді жетілдіремін деп ойлағанмын. Жастар мүмкіндік бермей жүр (күлді). "Сіздер шаршайсыздар" деп, бізді ары-бері жүгіртпейді, бәрін өздері істейді", – деп атап өтті Рахметова.
Нағима Бектұрованың волонтерлікпен айналысып жүргеніне үш жылға жуық уақыт болған. Оның айтуынша, қазіргі таңда зейнеткерлерге жасалып жатқан мүмкіндіктерді пайдалану керек.
"Мен өзім қоғамға аз да болса пайдам тисін деп келдім. Өйткені бізге де барлық жағдай жасалып жатыр. Қалада бірнеше белсенді ұзақ өмір сүру орталығы бар. Сол жерде әрбір зейнеткер өз қызығушылығына қарай кез келген іспен айналыса алады. Осындай мүмкіндіктер жасалып отырғаннан кейін, неге біз де ақысыз өз үлесімізді қоспасқа деп ойладым. Волонтерлікке сол үшін келдім", – дейді Бектұрова.
Ал Гүлмира Жолбасқанова бұрын дәрігер болған. Оның 40 жылдық еңбек өтілі бар. Сондықтан қамқорлықтың не екенін жақсы біледі.
"Мен волонтерлік қызметтен энергия аламын. Өмірге деген құштарлығым артады. Осындай жарыстарда біз өз көмегімізді көрсетіп, өз үлесімізді қосуға тырысамыз. Бұл үйдегілерге де үлкен мотивация", – дейді ол.

Астанадағы "Болашақ ойындары": 70 жастан асқан волонтерлерге маңызды міндет жүктелді
© Sputnik / Арман Асқар
"2000 шақырым шалғай жерден келдік"
Астанадағы "Болашақ ойындарына" көрші елден келген "күміс волонтерлер" де бар. Ресейлік Нина Рузматова бұған дейін Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында волонтер болған. Ал екі жылдан кейін "Болашақ ойындарына" қайта келіп отыр.
"Мен сауда саласында жұмыс істедім. Кейін әлеуметтік қызметкер болдым. 16 жыл бұрын зейнетке шыққанда не істерімді білмедім. Үйдің алдында сәкіде отырып қалғым келмеді. Біреуге көмектескен ұнайды. Содан волонтерлік туралы естігенде, бірден араласып кеттім. Бұл өте қызықты қызмет", – дейді Рузматова.
Ал Галия Нурутдинова 2 мың шақырым жердегі Қазан қаласынан келген. Оның волонтерлік тәжірибесі мол.
"Мен Қазақстанды жақсы көремін. Бұл елде талай рет волонтер болдым. Дзюдодан әлем чемпионаты, EXPO-2017, Алматыдағы Универсиада, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары, үш Олимпиада және басқа да чемпионаттар бар. Жалпы, волонтерлік қызметпен айналысып жүргеніме 12 жыл болды. Жақында 73 жасқа толамын. Волонтерлік маған өте қатты ұнайды, бұл – менің өмір салтым", – дейді Нурутдинова.
Галия тамыз айының соңында Қырғызстанға барып, төртінші рет Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында волонтерлік қызмет атқарады.
Шетелден волонтер болып келу оңай емес. Себебі ұйымдастырушылар барлық шығынды толық өтей бермейді. Мәселен, бұл жолы Нина мен Галия ұшақ билеттерін өз қаражатына алған. Хостел ақысын да өздері төлейді. Тек тамағы тегін. Соған қарамастан, екеуі де алдағы уақытта әлі талай жарыстарға волонтер болып баруды жоспарлап отыр.

Астанадағы "Болашақ ойындары": 70 жастан асқан волонтерлерге маңызды міндет жүктелді
© Sputnik / Арман Асқар
Волонтерлер арасында тимлидерлер, яғни топ жетекшілері де бар. Олар барлық жұмысты үйлестіріп отырады. Астанадағы "күміс волонтерлердің" үйлестірушісі – Ләззат Өтеғұлова. Ол "Болашақ ойындарына" келген тәжірибелі еріктілердің негізгі міндеті туралы айтып берді.
"Біз тамақты қабылдаймыз, сапасын тексереміз, жетіспеген нәрсесін айтамыз. Мысалы, басында бір тағамды түскі асқа да, кешкі асқа да әкеліп жүрген. Ас мәзірі бірдей болды. Салмағы да аздау шықты. Біз бұлай болмайтынын айттық. Қазір тамақтың салмағы талапқа сай, 450 грамм. Оны күн сайын өлшеп отырамыз", – дейді Өтеғұлова.

Астанадағы "Болашақ ойындары": 70 жастан асқан волонтерлерге маңызды міндет жүктелді
© Sputnik / Арман Асқар
Асқа жауапты волонтер апайлар тез бұзылатын салаттарды да алып тастаған. Оның орнына туралған салат дайындауды талап еткен.
"Ондай салаттар тез бұзылмайды, себебі маймен жасалады. Балалар үлгермей жатса, тоңазытқышқа қойып қоямыз. Біз тағамның сапасына қатты көңіл бөлеміз. Балалардың денсаулығына зиян келмеуі керек", – деп атап өтті ол.

1/3
© Sputnik / Арман Асқар
Астанадағы "Болашақ ойындары": 70 жастан асқан волонтерлерге маңызды міндет жүктелді

2/3
© Sputnik / Арман Асқар
Астанадағы "Болашақ ойындары": 70 жастан асқан волонтерлерге маңызды міндет жүктелді

3/3
© Sputnik / Арман Асқар
Астанадағы "Болашақ ойындары": 70 жастан асқан волонтерлерге маңызды міндет жүктелді
1/3
© Sputnik / Арман Асқар
Астанадағы "Болашақ ойындары": 70 жастан асқан волонтерлерге маңызды міндет жүктелді
2/3
© Sputnik / Арман Асқар
Астанадағы "Болашақ ойындары": 70 жастан асқан волонтерлерге маңызды міндет жүктелді
3/3
© Sputnik / Арман Асқар
Астанадағы "Болашақ ойындары": 70 жастан асқан волонтерлерге маңызды міндет жүктелді
Басында "күміс волонтерлер" барлығымен бірге жарыс алаңдарында жүргісі келген. Бірақ қазір бұл шешімнің дұрыс болғанына көз жеткізіп отыр.
"Осы жолы бізге тамақ беретін штабты басқаруды ұсынды. Балалар "Айналайын, тамақтарыңды ішіңдер" деген бір ауыз сөзді естісе, ата-әжесінің қолынан тамақ ішкендей әсер алады деді. Осындай мейірім керек деп өтініш айтты. "Доптың артынан жүгіре алмайсыздар, сондықтан асханаға қарағандарыңыз дұрыс" деді. Мен басында келіспедім. Біздің де жүргіміз келеді дедім. Бірақ ойланып қарасам, бұл дұрыс шешім екен. Балалар шаршап келген кезде "Айналайын, тамағыңды іше ғой" деген сөздің өзі оларға үлкен күш береді екен", – дейді Өтеғұлова.

Астанадағы "Болашақ ойындары": 70 жастан асқан волонтерлерге маңызды міндет жүктелді
© Sputnik / Арман Асқар
"Күміс волонтерлер" бұл жарыстан кейін де қарап отырмайды. Алда күнделікті жұмыс – балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету, қайырымдылық және басқа да шаралар жалғасады.
