"Қорқып, қол қоя берген": 33 жыл жылқы бағып, ұры атанған қарт сотта ақталып шықты

© Photo : Unsplash / eberhard grossgasteigeЖылқылар
Жылқылар - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.08.2026
Жазылу
7 жыл бойы дауласып, жоғалттың деген жылқының саны 100-ге жетіп тынған
АСТАНА, 3 тамыз – Sputnik. Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Сағашилі ауылында 33 жыл кісінің жылқысын бағып, бірақ ұры атанған Рахат Сәрсеновты аппелияциялық сот ақтап шықты. Оқиға қалай болған, шаруаның еңбегі неге зая кетті, отбасымен Sputnik Қазақстан тілшісі сұхбаттасты.

7 жыл дауласқан

Жылқымды жоғалтып жібердің... Жылқышы Рахат Сәрсеновке жала жабылғалы бақандай 7 жыл. Жеті жыл адал екенін айтып ақталып, дәлелдей алмаған қарттың мәселесін ақыры сот қарап тынды.
"Негізі ай сайын еңбегін беру керек, бірақ кәсіпкер бірде береді ақшасын, бірде бермейді. Еңбекақысы айына 150 мың теңге. Алғашқы сот үкімі биыл 15 мамырда шықты, әкемді 7,5 жылға соттады. Сол жерде қоларбада отырған жерінен әкемді қамауға алып кетті, екі ай қамауда отырды", - дейді ұры деп жала жабылған қарттың ұлы Айбек Сәрсенов.

Жылқышының үйін банкке кепілдікке қойған

7 жыл бойы дауласып, жоғалттың деген жылқының саны 100-ге жетіп тынған. Қожайынына сеніп, жылқы баққан жерінде Рахат Сәрсенов үй салады. Ал мал иесі оны банкке кепілдікке қойып тастайды.
"2019 жылы сол үйді банкке залогқа қойып тастаған. Құжат бойынша әкемнің атында тұр. Сол 2019 жылы "тергеуді шешу үшін үйді залогқа қою керек" деп әкемді алдап-сулап кепілдікке қойдырған. Әкем кәсіпкерге 10 млн теңге шығын келтірді, сол шығынның орнына деген. Сот процесі біткен соң кепілдікті алып тастаймыз деп әкемді алдаған", - дейді Айбек Сәрсенов.
Амалы болмаған Рахат Сәрсенов он жыл тағы жылқы бағып, қарызымнан құтыламын деп келіскен.

Жылқышы инсульт алып құлаған

"Әкем 10 жылға жеткен жоқ, 7 жылдан кейін инсульт алып құлады. Ол ауруханада жатқанда малдың иесі "10 млн шығын келтіріп, өтемей қойды" деп әкемді сотқа берген. Соттан бізге қағаз келді. 2019 жылы 60 бас жылқы шығын деген, биыл 40 бас қосылып, 100 бас жылқы жоғалды дейді", - жылқышының баласы.
100 бас жылқы шынымен жоғалды ма, әлде жалған тағылған айып па, бұл жағын отбасы нақты білмейді. Бірнеше жылда мүмкін шығын болса болған болар, өйткені боран, жауынды-шашын кезінде мал шығыны болмай тұрмайды, нақтысын білмейміз, дейді Рахат Сәрсеновтың ұлы.

Әкем қорқып қол қоя берген...

"Жылқының иесі әкемді үйдің құжатымен қорқытып, "иә қарызбын" дегізіп қолхат алып алған. Әкем үйден айырылып қалам деп, қол қоя берген. Оны біз де білген жоқпыз, әкем малда жүріп қол қоя берген. Әбден сотқа барғанда бірақ білдік. Сот "міне, өзі мойындап тұр ғой, міне, қағазы бар" деді. Ал әкем балаларым баспанасынан айырылып қалады деп қорқып қол қойған", - дейді баласы Айбек Сәрсенов.
69 жастағы бақуатты кәсіпкердің малын бұл отбасының балалары есін білгеннен естияр болғанша бағып көмектесіп келеді.

Үйімізді берсе болды

Негізі 1994 жылдан бастап кәсіпкер Тәжігали Елеуов пен Рахат Сәрсенов бірігіп, мал шаруашылығын нөлден бастаған. Кейіннен Елеуовтың дәулеті асып, ал Рахат Сәрсенов оған жылқышы болады. Содан бері 33 жыл өтеді.
"Екеуі нольден бастаған. Бізге ол кәсіпкерден ешбір кешірім де, моральдық өтемақы да, ешнәрсе керек емес, тек үйімізді қайтарып берсе болды", - дейді мәселесі сотта қаралған қарттың баласы.
Сот үкімі туралы Sputnik Қазақстан Ақтөбе облыстық сотынан ақпарат сұратты. Сот ресми ақпарат болады деп уәде етті.
Судебный молоток, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.03.2026
Төрт адамның өмірін қиған жол апаты: сотталушы ақталды
Жаңалықтар
0