Электрсамокаттарға қандай шектеу енгізілді – маңызды 10 сұрақтың жауабы

© Photo : СС0 / confessusЭлектросамокат
Электросамокат - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.08.2026
Жазылу
25 тамыздан бастап электрсамокаттардың тротуар мен жаяу жүргінші жолдарымен жүруіне тыйым салынады
АСТАНА, 1 тамыз – Sputnik. Қазіргі кезде Астанада электрсамокат мінген жастардың саны айтарлықтай азайды. Себебі шілде айынан бастап осы бір қауіпті қозғалыс құралына қатысты талаптар күшейтілген болатын. Әсіресе, жалдамалы электрсамокатпен бұрынғыдай емін-еркін жүруге рұқсат жоқ. Бірақ жекеменшік электрсамокат иелері де көшеге шығуға қорқып қалды. Себебі заңда тіркеу, нөмір алу, сақтандыру полисін рәсімдеу сияқты талаптар бар. Sputnik Қазақстан осы мәселелерге қатысты маңызды 10 сұрақтың жауабын ұсынады.
1.Жеке меншік электрсамокаттарға тіркеу нөмірін алу керек пе?
Жоқ, жеке меншік электрсамокаттарға тіркеу нөмірін алудың қажеті жоқ. Ондай талап жалдамалы самокаттарға ғана қойылып отыр. Кикшеринг компаниялары жалға берілетін әрбір электрсамокатқа тіркеу нөмірін тағып, өзінің базасына енгізуге міндетті. Сол арқылы заң бұзған самокаттар және оны жалға алған адамдар анықталады.
2. Сақтандыру полисін кімдер рәсімдейді?
Бұл талап та жалдамалы электрсамокаттарға қатысты. Кикшеринг компаниялары әрбір самокатқа сақтандыруды рәсімдеуге міндетті. Жол апаты болған жағдайда сақтандыру есебінен зардап шеккендердің шығыны өтеледі. Бірақ кикшеринг компаниясының кінәсі (электрсамокаттың ақауы және тағы басқа себептер) дәлелденуі керек. Ал электрсамокатпен адамды қағып кеткен жағдайда оны жалға алған тұлға жауапқа тартылады. Жекеменшік электрсамокаттарды тіркеу мен сақтандырудың қажеті жоқ.
3. Жекеменшік электрсамокаттарда тіркеу нөмірі болмаса, заң бұзғандарды қалай анықтайды?
Тіркеу нөмірі жоқ жеке меншік электрсамокаттармен жол ережесі бұзылған жағдайда кінәлі адамдар бейнебақылау жүйесі арқылы анықталады. Патрульдік полиция да заң бұзғандарды бірден табуға тырысады.
4. Жалдамалы және жекеменшік электрсамокаттарға ортақ талаптар қандай?
Жалдамалы немесе жеке меншік электрсамокат мінген адамда міндетті түрде жүргізу куәлігі болуы шарт. Сосын велосипед жолымен немесе велосипед жолағымен жүру керек. Ондай жолақ болмаған жағдайда жолдың оң жақ шетімен, жол жиегімен, сондай-ақ, әзірше тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүруге болады. Бірақ тротуарда жылдамдық сағатына 6 шақырымнан аспауы тиіс.
5. Электрсамокаттарға тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүруге де тыйым сала ма?
Иә, 25 тамыздан бастап электрсамокаттардың тротуар мен жаяу жүргінші жолдарымен жүруіне тыйым салынады. Ал жолдың жиегімен тек 18 жасқа толған, жүргізуші куәлігі және арнайы шлемі бар адамдарға ғана рұқсат етіледі. Қараңғы уақытта жарық қайтаратын элементтер болуы шарт. Электрсамокатпен жолаушылар мен жүктерді тасымалдауға болмайды.
6. Кәмелет жасқа толмаған бала электрсамокатпен ұсталса, не болады?
Полиция электрсамокат мінген жасөспірімді ұстаса, оның ата-анасы немесе заңды өкілі жауапқа тартылады. Оларға 43 250 теңге көлемінде айыппұл салынады. Ал бала тағы ұсталса, айыппұлдың көлемі 64 875 теңгеге өседі, я болмаса, 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алу шарасы қолданылуы мүмкін.
7. Электрсамокатпен жолға шлемсіз шығып кеткен адамға қатысты қандай жаза қолданылады?
Ондай жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 620-бабы (жол жүрісіне қатысушыларға қойылатын өзге де талаптарды бұзу) бойынша алдымен ескерту жасалады. Осы құқықбұзушылық бір жылдың ішінде тағы қайталанса, 3 АЕК (2026 жылда 12 975 теңге) көлемінде айыппұл салынады.
8.Электрсамокаттарды тебу үшін жүргізуші куәлігінің қандай санаты болуы керек?
Бүгінде нақты талап жоқ. Электрсамокатпен жүру үшін жүргізуші куәлігінің кез келген санаты жарай береді. Кикшеринг компаниялары электрсамокатты жалға алатын адамда жүргізуші куәлігінің бар-жоғын өз базасы арқылы тексереді.
9. 25 тамыздан кейін электрсамокатпен тротуар мен жаяу жүргіншілер жолына шыққаны үшін айыппұлдың көлемі қандай болады?
Жаңа шектеулер күшіне енгеннен кейін электрсамокатпен тротуар мен жаяу жүргіншілер жолына шыққан адамдарға 2 АЕК (2026 жылда 8 650 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Ал бір жылдың ішінде тағы ұсталса, айыппұлдың мөлшері 10 АЕК-ке (2026 жылда 43 250 теңгеге) дейін өседі.
10. Электрсамокатпен екі адам ұсталса, кімді жауапқа тартады?
Ондайда электрсамокат жүргізушісі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 593-бабы (жолаушылар мен жүктерді тасымалдау қағидаларын бұзу) бойынша жауапқа тартылады. Осы бапта 5 АЕК (2026 жылда 21 625 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған. Жалдамалы электрсамокат болған жағдайда кикшеринг компаниясы қосымша айыппұл салып, пайдаланушының аккаунтын бұғаттап тастауы мүмкін. Ал жолаушы жауапқа тартылмайды.
Электросамокаты, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.03.2024
Қазақстанда мопедтер мен электросамокаттарға қатысты жаңа өзгерістер қабылданады
Жаңалықтар
0