Жеңілдетілген кредит алған табысты жобалардың тізімі жарияланды
19:30 24.07.2026 (жаңартылды: 19:50 24.07.2026)
Жазылу
Бағдарлама аясында жалпы құны 21 млрд теңгеден асатын 300-ден астам жобаға қолдау көрсетілді
АСТАНА, 24 шілде – Sputnik. Ұлттық экономика министрлігі "Іскер аймақ" бағдарламасы аясында тиімді кредит алған табысты жобалардың тізімін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бағдарлама аясында 200 млн теңгеге дейін үш жылға кредит алуға болады. Сыйақы мөлшерлемесі – 21 процент. Оның жартысы субсидияланады. Осылайша, кәсіпкерлер ақшаны қарызға кем дегенде 12,6 процентпен рәсімдей алады.
Бағдарлама аясында жалпы құны 21 млрд теңгеден асатын 300-ден астам жобаға қолдау көрсетілді. Ал 2026 жылы 400 млрд теңге көлемінде 5 мыңға жуық жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр.
Табысты жобалар:
Жамбыл облысында қой терісін өңдейтін кәсіпорын. Шығаратын өнімдері - әскери бас киімдер, тондар мен жартылай тондар. Кәсіпорын алған кредитке күн электр панельдерін орнатты.
Қызылорда облысында күріш өндірумен және өңдеумен айналысатын кәсіпорын. Кәсіпкер айналым қаражатын толықтыру үшін 110 млн теңгенің кредитін алды. Мемлекеттік қолдау кәсіпорынның өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік береді.
Петропавл қаласында медициналық жабдық өндіретін кәсіпорын. Ол жерде бактерицидтік сәулелендіргіштер, ауа рециркуляторларын, озонаторлар, ультракүлгін шамдар, ламинарлық және стерильді шкафтар шығарылады. Кәсіпорын кредитке алған 100 млн теңгеге өндірісте қолданылатын бөлшектер мен компоненттерді сатып алды.
Түркістан облысында TARIX брендімен ірімшік шығаратын кәсіпорын. 100 млн теңге көлеміндегі кредит сүт шикізатын сақтауға арналған арнайы қойма салуға бағытталды.
Ақтөбе қаласында төсек-орын жабдықтары мен тұрмысқа қажетті ұлттық бұйымдар өндіретін кәсіпорын. Кредитке алынған 35 млн теңге айналым қаражатын толықтыруға, шикізат қорын ұлғайтуға, өндіріс сапасын жақсартуға және өнімді нарыққа ілгерілетуге бағытталды. Алдағы уақытта қосымша 20 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Айта кетері, бағдарламаға “Даму” қоры жауапты. Ал қажетті ақпаратты қор филиалдарынан немесе 1408 бірыңғай байланыс орталығы арқылы алуға болады.