"Қазақшасы сапасыз": емтиханнан құлаған болашақ дәрігерлер наразылық білдірді
13:51 23.07.2026 (жаңартылды: 13:55 23.07.2026)

© Sputnik / Виталий Аньков
/ Жазылу
Министрліктің мәліметінше, түлектердің 96,5 пайызы қорытынды аттестаттаудың екінші кезеңінен сәтті өтіп, өз біліктілігін растаған
АСТАНА, 23 шілде - Sputnik. Қорытынды аттестаттаудан өтпей қалған резидентура түлектері наразылық білдірді. Ал денсаулық сақтау министрлігінің уәжі басқа, Sputnik Қазақстан айтады.
Резиденттер он жылдан бері оқыған еңбегіміз зая кетті деп наразы.
Құлағандар - қазақша тапсырғандар
"Екінші кезең бойынша сұрақтар мүлдем ауысып кеткен. 100% мамандығымызға сай емес сұрақтар келді. Осы уақытқа дейін өте жақсы оқағынбыз. Қызыл диплом алғандарымыз да бар, сонда олардың еңбегі еш кете ме? Ақылы оқығандарымыз қаншама. Жауапты дұрыс бермей отыр, апелляцияға да балды дұрыс қосып беріп жатқан жоқ. Жалпы қортындыны дұрыс айтпай отыр бізге", - деп ашық наразылық білдірген болашақ дәрігерлер әлеуметтік желіде жазба жариялады.
Резиденттер министрліктен емтиханды қайта тапсыртуды талап етіп отыр.
"Сұрақтардың барлығы басында орыс тілінде құрастырылған секілді. Себебі біз қазақ тілінде тапсырдық. Мағынасы өте сәйкес емес. Кәдімгідей орыс тілінен аудармашыға салып аудара салғандай болды. Құлаған резиденттердің көпшілігі қазақ тілінде тапсырған студенттер. Орыс тілінде тапсырғандар өтіп кеткен. Себебі оларда сұрақ дұрыс құрастырылған. Логикасы, барлығы сәйкес, түсінікті болып тұр", – дейді резидент Нұрсұлтан Тоқтасын.
Олардың айтуынша, Қазақстан бойынша жүзден астам резидент мемлекеттік емтиханның екінші кезеңінен өтпей қалған.
Жаппай құлаған жоқ – министрлік
Ал денсаулық сақтау министрлігі бұл ақпартты жоққа шығарды. Министрліктің мәліметінше, түлектердің 96,5 пайызы қорытынды аттестаттаудың екінші кезеңінен сәтті өтіп, өз біліктілігін растаған. Сонымен қатар емтиханды өткізу тәртібі, тапсырмалардың мазмұны және бағалау жүйесі Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына толық сәйкес келген.
"Қорытынды аттестаттаудың екінші кезеңіне резидентураның 3684 түлегі қатысты. Оның ішінде 3540 адам немесе 96,5 пайызы емтиханнан сәтті өтті. Шекті деңгейден өте алмағандар саны – 134 түлек. Орташа нәтиже 80,7 балл", - дейді министрлікте.
Резиденттердің наразалығын тыңдап, барлығын жіті тексердік, дейді ведомствода.
"Резидентура – 2 жылдан 4 жылға дейінгі практикалық даярлықты қамтитын оқу кезеңі. Емтиханды сәтті тапсырғандардың жоғары үлесі (96,5%) еліміздің медициналық жоғары оқу орындары мен клиникалық базалары халықаралық стандарттарға сай сапалы маман даярлайтынын дәлелдейді. Салыстыру үшін айтар болсақ, денсаулық сақтау жүйесі дамыған елдердің бірі – Ұлыбританияда резидентура түлектерінің қорытынды біліктілік емтихандарын сәтті тапсыру көрсеткіші шамамен 60–65%", - деп жазылған министрлік мәлімдемесінде.
Орысшадан аударылмады
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бағалаудың екінші кезеңіндегі емтихандық кейстер спецификациялардың негізінде әзірленіп, тестологиялық, әдістемелік және мазмұндық сараптаманың бірнеше кезеңінен өткен. Сараптамаға жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының профессорлық-оқытушылық құрамының сарапшылары, сондай-ақ оқу-әдістемелік бірлестік – республикалық оқу-әдістемелік кеңес ұсынған ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми орталықтардың өкілдері қатысқан.
"Сонымен қатар мемлекеттік тілдегі тапсырмалардың сапасына қатысты түскен өтініштер де тексерілді. Нәтижесінде материалдардың дербес мазмұндық және лингвистикалық сараптамадан өткені анықталды. Бейімдеусіз сөзбе-сөз аударылған тапсырмалар фактілері анықталған жоқ", - дейді денсаулық сақтау министрлігінде.
Ведомствоның мәліметінше, шекті деңгейден өте алмаған түлектердің басым бөлігі емтиханды орындауға берілген 90 минутты толық пайдаланбаған. Қатысушылардың едәуір бөлігі жұмысты белгіленген уақыт бітпей тұрып аяқтап, жауаптарын қайта тексеру және клиникалық жағдайларды қайта талдау мүмкіндігін пайдаланбаған.
"Емтихан барысында әрбір түлек ақпараттық жүйе арқылы нақты тапсырмалар бойынша апелляция беруге мүмкіндік алды. Түскен барлық өтініштер республикалық апелляциялық комиссияның қарауына жіберілді. Сонымен қатар шекті деңгейде өте алмаған әрбір түлек қолданыстағы қағидаларға сәйкес 6 айдан кейін қорытынды аттестаттаудан қайта өтуге құқылы", - дейді денсауық сақтау министрлігінде.
Министрлік наразы резиденттердің көңіл-күйлерін жақсы түсінетінін айтады.
"Дәрігер үшін қорытынды аттестаттау – кәсіби қалыптасудың маңызды кезеңі. Дегенмен денсаулық сақтау министрлігі барлық түлектер үшін тең жағдайды қамтамасыз етуге және заң талаптарының қатаң сақталуына кепілдік беруге міндетті", - деді министрлікте.

