Қарин Құрылтай депутаттығына кандидаттар туралы пікір білдірді
Жазылу
"Әділет" партиясының тізімінде барлық өңірдің және түрлі саланың өкілдері тегіс қамтылған
АСТАНА, 11 шілде – Sputnik. Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин Құрылтай депутаттығына кандидаттар туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ол желідегі парақшасында Астанада өткен "Әділет" партиясының кезектен тыс III съезі туралы жазды. Оның айтуынша, съезде партияның сайлауалды бағдарламасы мен депутаттыққа кандидаттардың партиялық тізімі бекітілген. Сонымен қатар жиын барысында басқа да бірқатар маңызды мәселе қаралған.
"Мен де аталған іс-шараға қатысып, съезд шешімімен партиялық тізімге ендім. Бұл – үлкен абырой, сонымен қатар зор жауапкершілік. Осылайша, "Әділет" партиясы алдағы сайлауға Президент реформаларын жақтап, жалғастыратын кандидаттардың ең көп құрамымен қатысқалы отыр. Яғни, сайлауға түсетін 7 партияның ішінде ең көп кандидат ұсынды – 186 адам", - деді ол.
Қарин бұрынғы жылдармен салыстырғанда тізімде әйелдер мен жастардың саны айтарлықтай көп ерекше атап өтті. Партиялық тізімге енгендердің 71-і – әйел. Ал жастардың үлесі – 26. Тек қана Президенттік жастар кадр резервінің өзінен 15 өкіл қосылған екен.
"Партиялық тізімде барлық өңірдің және түрлі саланың өкілдері тегіс қамтылған. Жеке өзім үшін тағы бір ерекше жайт, кандидаттардың қатарына бұрынғы Ұлттық құрылтайдың 31 мүшесі енген екен. Барлығы да – қоғамдағы белгілі азаматтар. Олармен бірге бес жыл бойы консультативтік-кеңесші органның қатарында ынтымақтаса жұмыс істедік. Осындай әріптестермен бір қатарда болу – мен үшін үлкен мәртебе. Өздеріңіз байқағандай, саяси өмірге әйелдер мен жастардың қатысуы едәуір артып келеді. Жаңа тұлғалар мен тың есімдер келіп жатыр. Мұның бәрі елімізде жүргізіліп жатқан қоғамдық-саяси жаңғыру үдерісімен толық үндеседі", - деп түйіндеді ол.
Еске сала кетейік, кеше жаңадан құрылған ӘDILET партиясының кезекті съезінде Құрылтай депутаттығына кандидаттардың тізімі бекітілген болатын. Тізімге барлығы 186 адам енді. Олардың ішінде қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, ғалымдар, шенеуніктер, бұрынғы мәжіліс пен сенат депутаттары бар. Үміткерлердің тізімімен мына жерде танысуға болады.

