"Нұр-Мұқасан"әншілері арасындағы жанжал: Мұқасан Шахзадаев сотта өз уәжін айтты

© © Sputnik / Айсулу Жумагуловасот үкімі
сот үкімі - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.07.2026
Жазылу
Жәбірленуші Ғалымжан Сүлеймен істі қайта тергеуге жіберіп, Мұқасан Шахзадаевты куәгер емес, сотталушы деп танып, оны жауапқа тартуды сұрады
АЛМАТЫ, 9 маусым - Sputnik. "Нұр-Мұқасан" тобының экс-әншісі Мұқасан Шахзадаев пен топтың жаңа орындаушысы Ғалымжан Сүлейменнің арасындағы дау сотта қаралып жатыр. Екі тараптың уәжін Sputnik Қазақстан тілшісі тыңдап қайтты.

Қылмыстық іс Наурызбай аудандық сотында қаралып жатыр. Судья - Бейнегүл Қайсина. Қоғамда резонанс тудырған бұл қылмыстық істе Мұқасан Шахзадаев - куәгер, ал оның әкімшісі Азамат Есеркенов - сотталушы.

Кешірмеймін...

Қан-жоса етіп соққыға жықты деп шағымданған Ғалымжан Сүлеймен сотта қарсы тарапты кешірмейтінін айтты.

"Кешірмейміз. Сотталушының әрекетінде қылмыстық құрам бар. Сот медициналық сараптама қорытындысы бар. Сол себепті татуласпаймыз", - деді Сүлейменнің адвокаты.

Ғалымжан Сүлейменнің айтуынша, Мұқасан Шахзадаев балағаттап телефон соққан. Араға үш күн салып, ол Мұқасанның үйіне барады. Сол жерде даулы істің тігісін жатқызып, бірігіп өнерді дамытуды талқыламақ болады. Екеуара әңгіме таңға созылып, Сүлеймен Мұқасанның үйінде түнеп қалады.
© Sputnik . Айдана ДайыроваҒалымжан Сүлеймен
Ғалымжан Сүлеймен - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.07.2026
Ғалымжан Сүлеймен
Ертесі үйге Мұқасан Шахзадаевтың әкімшісі Азамат Есеркенов келген.

"Ол тағы бір шиша арақ алып келді. Жанжал Есеркеновтің Мұқасан екеуіміздің арамызға от салуынан басталды. Ол Мұқасанға "неменеге отырсың бұнымен, Нұрлан екеуі сатқын" деумен болды", - дейді Сүлеймен.

Үшеуі жабылып ұрды

Үшінші болып Мұқасанның үйіне сыныптасы Бақытжан Қойсоймасов келеді. Жәбірленушінің айтуынша, алдымен Шахзадаев, Есеркенов және Қойсоймасов үшеуі бірігіп сөзбен тиіскен.

"Олардың мені не үшін ұрғанын білмеймін, білсем айтар едім. Бірінші болып арт жағымнан келіп Мұқасан аға ұрды. "Аға, не болды?" дегенімше Есіркенов келіп, қосылып ұра бастады. Қойсоймасов ажыратқандай болып жүр еді, бірақ ол да жабылып ұрды мені", - дейді жәбірленуші Сүлеймен.

Мұқасан Шахзадаев Ғалымжан Сүлейменнің баласының кіндік әкесі екен.

"Аға, бауыр болып жүрген адамнан мұндай күткен жоқпын. Ең болмаса "інім, ағаттық кетті" десе кешірер ем. Бірде-бір сөз жоқ, не істейсің дегендей үнсіз. Мұқасан Шахзадаевпен 24/7 бірге жүрген адаммын", - дейді Сүлеймен.
Төбелестен Сүлейменнің мұрны мен бас бармағы сынып, қан-жоса болған. Оның көмекшісі оқиға орнына полиция шақырады.
Жәбірленуші іс қайта тергеуге жіберіліп, Мұқасан Шахзадаев та жауапқа тартылсын деп отыр.

"Есіркеновке ғана емес, жалпы әділ жаза сұраймын. Тергеп-тексеруге қайта жіберіңіздер, үш адам ұрып, бір адам ғана жауапқа тартылғаны дұрыс емес", - деді ол.

Мұқасан Шахзадаев неге ренжіді

Сотта Мұқасан Шахзадаев өзін бейнекамераға түсіруге қарсы болды. Оның айтуынша, жанжалды бастаған Ғалымжан Сүлеймен.
Сондай-ақ ол әнін рұқсатсыз орындағаны үшін ренжігенін айтты.

"Нұрлан мен Ғалымжан әнді бірге айтатыны туралы айтпады. Бұл әндердің шығу тарихы - менің еңбегім. Нұр-Мұқасан дуэті 27 жыл өмір сүрді. Осы жылдар ішінде Нұрлан ешбір ән алып келген жоқ. Ұрыспайық, таласпайық, менің әндеріме тиіспе дедім", - дейді Мұқасан Шахзадаев.

Қылмыстық іс "Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру" бабы бойынша қаралып жатыр.

Еске сала кетейік, былтыр қарашада "Нұр-Мұқасан" тобының экс-әншісі Мұқасан Шахзадаев Ғалымжан Сүлейменді ұрды деген ақпарат тарап, басы дауға қалған еді. Жәбірленушінің көгерген беті әлеуметтік желіде тарап кетті.
Драка, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.11.2025
Мұқасан Шахзадаев "Нұр-Мұқасанның" жаңа әншісін қан-жоса етіп ұрып тастады
Жаңалықтар
0