"BaiQymyz-2026" фестиваліне 60-тан астам қымыз өндіруші қатысады

© Photo : Пресс-служба акима Астаны
Жазылу
BaiQymyz-2026 халықаралық гастрономиялық фестивалі "Қазанат" ипподромында 11-12 шілде күндері өтеді
АСТАНА, 9 шілде – Sputnik. Астанадағы "BaiQymyz-2026" фестивалінде Қазақстанның әр өңірінен жиналған 60-тан астам қымыз өндіруші өз өнімін ұсынады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Фестивальге сондай-ақ Қырғыз Республикасы мен Ресей Федерациясының (Якутия) өкілдері қатысады. Келушілер ұлттық сусынның сан түрінен дәм татып, оны әзірлеу барысымен таныса алады.
"Фестивальдің басты оқиғасы – халықаралық қымыз байқауы. Онда үздік өндірушілер ең үздік атану үшін бақ сынайды. Сондай-ақ қонақтарға арнап аспаздық шоулар, ұлттық тағамдарды әзірлеу бойынша шеберлік сабақтары, "Үздік қазы" байқауы, көкпар, бәйге, аударыспақ, қыз қуу, дәстүрлі садақ атудан жарыстар, сондай-ақ "Қой көтеру", "Жілік сындыру", ат үстіндегі квиддич және басқа да ұлттық ойындар әзірленді", - деп жазылған хабарламада.
Екі күн бойы бас сахнада танымал өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетеді.
Фестивальге қатысу үшін билет алу қажет. Келушілерге бір күнге немесе фестивальдің екі күніне бірден жарамды билеттер ұсынылады. Зейнеткерлер мен 16 жасқа дейінгі балалар іс-шараға тегін қатыса алады.
Ұлттық дәстүрлерді, мәдениетті және қазақтың ұлттық тағамдарын насихаттайтын BaiQymyz-2026 халықаралық гастрономиялық фестивалі "Қазанат" ипподромында 11-12 шілде күндері өтеді.
