Тоқаев Euronews-тің қазақ тілінде жаңалық таратуды қолға алғанын құптады

© Photo : АқордаҚасым-Жомарт Тоқаев Euronews директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давидті қабылдады
Қасым-Жомарт Тоқаев Euronews директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давидті қабылдады - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.07.2026
Жазылу
Педро Варгас Давид медиа желінің қолданысына Орталық Азия халықтарының арасынан алғаш рет қазақ тілі енгенін мәлімдеді
АСТАНА, 7 шілде – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Euronews директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давидті қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Мемлекет басшысы Euronews уақиғаларды бейтарап жариялап, көрерменге сенімді ақпарат ұсынатын жаһандағы маңдайалды медиа ресурс ретінде танылғанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, телеарна 2024 жылы Астанада өңірлік кеңсесін ашқан сәттен бастап, Қазақстан мен Орталық Азияның саяси, экономикалық және мәдени тыныс-тіршілігі жайында көбірек хабар тарата бастады.
"Президент Euronews арнасының қазақ тілінде жаңалық таратуды қолға алғанын құптап, мұны өзара тиімді ықпалдастықтың жарқын көрінісі деп атады", - деп жазылған хабарламада.
Педро Варгас Давид медиа желінің қолданысына Орталық Азия халықтарының арасынан алғаш рет қазақ тілі енгенін мәлімдеді.
Бұдан бөлек, Euronews жетекшісі қазақстандықтарды жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтап, Негізгі заңда көрініс тапқан қағидаттар мен құндылықтар ел басшылығының анағұрлым күшті әрі озық мемлекет құруға бейіл екенін көрсететінін жеткізді.
Сонымен қатар Қазақстан президентінің таяуда Брюссельге жасаған ресми сапарының нәтижелері жөнінде пікір алмасу өтті.
Педро Варгас Давид Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапар қарсаңында Euronews сайтында жарық көрген мақаласындағы Астана мен Еуропалық одақтың кеңейтілген стратегиялық серіктестігінің келешегі туралы түйінді ойларын еуропалық аудитория ерекше ықыласпен қабылдағанын айтты.
Еуропа сарапшыларының пікірінше, Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас жоғары қарқынмен дамып, ұзақмерзімді әрі жемісті ынтымақтастықтың бұрын-соңды болмаған сипатына ие болған.
Әңгімелесу барысында аймақты жаһандық ақпарат кеңістігіне шығарып, Қазақстанның жетістіктерін халықаралық қоғамдастыққа кеңінен таныстыруға мүмкіндік беретін бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мәселелері қарастырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың  Ана тілі газетіне берген сұхбатының толық мәтіні жарияланды - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.01.2025
Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Ана тілі" газетіне берген сұхбатының толық мәтіні жарияланды
Жаңалықтар
0