Қазақстандықтар Астана күнін атап өтіп жатыр

© Photo : Astana International Forum 2023Астана
Астана - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.07.2026
Жазылу
Елорданы оңтүстіктен орталыққа қарай ауыстыру мәселесі Тәуелсіздік алғаннан кейін үш жыл өткен соң көтеріле бастады
АСТАНА, 6 шілде – Sputnik. Бүгін мемлекеттік мереке - Астана күні. Тура 28 жыл бұрын қалаға елорда мәртебесі берілген болатын. Sputnik Қазақстан Астананың тарихына қатысты қызықты деректерді ұсынады.

Туған күнге "сыйлық" жасады

Елорданы оңтүстіктен орталыққа қарай ауыстыру мәселесі Тәуелсіздік алғаннан кейін үш жыл өткен соң көтеріле бастады. Бірақ сол кезде депутаттар да, шенеуніктер де Алматыны қимай, бұл бастаманы қолдаған жоқ. Тіпті, оны "ақылға сыймайтын әрекет" деп санады. Өйткенi елдiң жағдайы ауыр болды, жалақы мен зейнетақы уақытында төленбеді.
Жоғарғы кеңес депутаттары елорданы көшiру идеясын қолдағанның өзiнде бұл шешiм 40-50 жылдан кейін ғана іске асады деп ойлаған. Осылайша 6 шілдеде туған күнін атап өткен Назарбаевқа "сыйлық" жасаймыз деп, астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы қаулыны қабылдай салды. Ал үш жылдан кейін пойызбен жаңа астанаға көшiп баруға тура келді.

Ақмоланың атауы өзгерді

1997 жылы 20 қазанда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев астананы ауыстыру туралы жарлыққа қол қойды. Ал келесі жылы 6 мамырда Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді.
1998 жылы 10 маусымда Қазақстанның жаңа астанасын халықаралық деңгейде таныстыру рәсімі өтті. Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда ауқымды мерекелік шаралар ұйымдастырылды.
Қала күні де сол күнге белгіленді. Бірақ 2016 жылы мейрамды 6 шілдеге ауыстырып, мемлекеттік мерекелер тізіміне қосты. Себебі тура сол күні Жоғарғы кеңес пен үкімет астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы қаулыны қабылдаған.

Астана – Нұр-Сұлтан – Астана

Бүгінде Қазақстанның астанасы атауын өзгертудің саны жағынан Гиннестің рекордтар кітабына кіреді. Оның атауын бес рет өзгерткен.
Акмолинск (1961 жылға дейін);
Целиноград (1992 жылға дейін);
Ақмола (1998 жылға дейін);
Астана (2019 жылға дейін);
Нұр-Сұлтан (2022 жылға дейін);
Астана (2022 жылдың қыркүйек айынан бастап).
Соның ішінде Нұр-Сұлтан атауы ең аз уақыт болған. 2022 жылы "Жаңа Қазақстан" депутаттар тобы қаланың бұрынғы атауын қайтаруды талап етті. Себебі "адамның көзі тірісінде оның атын қалаға берген дұрыс емес". Осылайша, үш жылдан кейін елорданың атауы қайтарылған болатын.

Алты ауданға дейін өсті

Бүгінде Астана халқы күн санап өсіп келеді. 1998 жылы қалада екі – Алматы мен Сарыарқа ауданы ғана болса, қазіргі кезде қала алты бірдей ауданнан тұрады. Олар: Алматы, Сарыарқа, Байқоңыр, Есіл, Нұра мен Сарайшық аудандары.
Бүгінде Астана халқының саны 1,6 млн адамнан асты. Ал 2035 жылға дейін қала тұрғындарының саны 2,5 млн-ға жетеді деген болжам бар. Осыған байланысты алдағы он жылдың ішінде 120 мектеп, 170 балабақша мен 50-ден астам денсаулық сақтау нысанын салу қажет.
Айта кетері, Астана халық саны жағынан Алматыдан кейін екінші орында тұр. Ол жақта 2,2 млн адам бар.

Астана күнін LRT-мен қарсы аламыз

Биыл көптен күткен LRT-ның құрылысы аяқталды. 16 мамырда жолаушылар тасымалы ресми түрде басталған болатын. Содан бері пилотсыз көлікпен 3 млн адам тасымалданды.
Қазіргі кезде LRT-ның атауы ресми түрде "Tarlan Astana" болып ауыстырылды. Сондай-ақ Қосшы бағытына арналған екінші кезеңін іске асыру жұмыстары басталды.

Астана күнімен бірге үш күн демаламыз

Осы айда Астана күніне байланысты үш күндік демалыс бар. Биыл 6 шілде дүйсенбіге түсіп тұр. Соның арқасында бес күндік жұмыс аптасымен істейтіндер үш күн қатарынан – 4, 5 және 6 шілде күндері демалады.
Ал алты күндік жұмыс аптасы үшін екі күн қатарынан демалыс болады. Бұдан басқа, қосымша демалыс күндері жоқ.
Айта кетері, қалада Астана күніне арналған 200-ден астам шара жоспарланған. Өтетін жері мен уақытын мына жерден көруге болады.
Пешеходный мост через реку Есиль в Астане - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.06.2026
Астана күні: елордада 200-ден астам іс-шара өтеді
Жаңалықтар
0