Тоқаев Қазақстанда Грузияның мәдениет күндерін ұйымдастыруды ұсынды
19:45 29.06.2026 (жаңартылды: 19:47 29.06.2026)

© Пресс-служба президента Казахстана
Жазылу
Президент Грузияның қазақстандық туристер үшін танымал бағыттардың бірі саналатынын айтып, еліміз де грузиялық меймандарды құшақ жая қарсы алуға дайын екенін айтты
АСТАНА, 29 маусым – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ираклий Кобахидзе келіссөз жүргізді, деп хабарлады Ақорда.
Ресми делегация мүшелерінің қатысуымен өткен келіссөз барысында екі елдің саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын кеңейту перспективасы талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ираклий Кобахидзе өзара тиімді инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін растады.
"Атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік бағдарының негізгі қатысушылары ретінде екі ел көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту, контейнерлік тасымал көлемін кеңейту, тариф саясатын үйлестіру және цифрландыруды үдету бағытында дәйекті шаралар қабылдауға ниетті", - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар Ресми делегация мүшелерінің қатысуымен өткен келіссөз барысында мына мәселелер айтылды:
Соңғы бес жылда Орта дәліз арқылы тасымал көлемі 3,5 есе өскен. 2029 жылға қарай аталған бағдар бойынша қатынайтын контейнерлік пойыздар саны 3 мыңға жетеді деп күтіліп отыр.
Қазақстан Батуми портынан бөлек, Грузияның басқа да теңіз айлақтарына кіруге мүдделі. Өткен жылы қазақстандық инвестордың қатысуымен Поти портында жаңа мультимодальді терминал ашылды.
Екі ел цифрлық үкімет, онлайн мемлекеттік қызметтер және GovTech шешімдер бағытында тәжірибе алмасуға дайын екенін растады.
Қазақстан Грузия стартаптары мен технологиялық компанияларының Astana Hub бағдарламасына және аймақтық технологиялық бастамаларға қатысуын құптайды.
Бұдан бөлек, әңгімелесу барысында денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және туризм салаларындағы серіктестікті нығайту мәселесіне айрықша назар аударылды.
Президент Грузияның қазақстандық туристер үшін танымал бағыттардың бірі саналатынын айтып, еліміз де грузиялық меймандарды құшақ жая қарсы алуға дайын екенін айтты.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы мәдени алмасуларды қолдаудың маңызына мән беріп, екі елдің мәдениет күндерін ұйымдастыруды ұсынды.
