Тоқаев Өзбекстан президенті әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиёевамен кездесті
14:50 21.06.2026 (жаңартылды: 14:58 21.06.2026)

© Photo : Пресс-служба президента Казахстана
Жазылу
Кездесу барысында екі елдің сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы серіктестігін одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды
АСТАНА, 21 маусым – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президенті әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиёеваны қабылдады.
Президент Мирзиёеваның сапары Астана мен Ташкенттің стратегиялық серіктестігін ілгерілету тұрғысынан ерекше мәнге ие екенін атап өтті.
"Сіздің сапарыңыз Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ортақ ынтымақтастықты дамыту үшін өте пайдалы болады деп санаймыз. Біздің саяси жүйелерімізде президент әкімшіліктері айрықша рөл атқарады. Мен әкімшіліктер арасындағы жұмыс қатынастарының жанданғанын әрдайым қолдаймын. Қазақстан да, Өзбекстан да тұтас көрсеткіштер бойынша ірі мемлекеттер саналады. Елдеріміз қазір дамудың бетбұрыс кезеңінде тұр. Бізге бейбітшілік пен қауіпсіздік қажет. Сонда ғана реформаларды сәтті іске асыра аламыз, – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы 2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланғанына тоқталды.

Тоқаев Өзбекстан президенті әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиёеваны қабылдады
© Photo : Пресс-служба президента Казахстана
Тоқаев Бұхараға жасаған жұмыс сапарын ерекше ризашылықпен еске алатынын айтты.
"Біз Өзбекстанның көптеген салада, соның ішінде жасанды интеллектіні енгізу мен цифрландыру бағытында қол жеткізген табыстарымен танысуға мүмкіндік алдық. Әлем жасанды интеллектіні қарқынды түрде дамытуға бет бұрды. Осы орайда біз де қазіргі заман ағымына ілесе білуіміз керек", – деді Тоқаев.
Саида Мирзиёева кездесуге мүмкіндік жасағаны президентке алғыс айтты.

Тоқаев Өзбекстан президенті әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиёеваны қабылдады
© Photo : Пресс-служба президента Казахстана
"Сізге Өзбекстан президентінің ізгі сәлемін жеткізуді зор мәртебе санаймын. Шавкат Миромонович Қазақстанмен көпжоспарлы ықпалдастықты тереңдетуге ерекше мән береді. Сонымен қатар жоғары деңгейдегі уағдаластықтар мен бірлескен жобалардың жүзеге асырылу барысын айрықша бақылауда ұстайды. Өзбекстан бүгінде бауырлас Қазақстанда жүргізіліп жатқан өзгерістерді құптайды. Қазақстан – сенімді одақтасымыз. Бұл жайында ұдайы айтып келеміз, – деді Мирзиеева.
Кездесу барысында екі елдің сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы серіктестігін одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстанда қолға алынған жүйелі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар жөнінде пікір алмасу өтті.
