Көршісі тиіскен: Шымкентте 8 жастағы жеткіншектің анасы сот үкіміне наразы

© Sputnik / Табылды КадырбековБалаға қатысты зорлық
Балаға қатысты зорлық - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.06.2026
Жазылу
Оқиғаның барлығы подъездегі бейнекамераға түсіп қалған
АСТАНА, 15 маусым - Sputnik. Шымкентте көпқабатты үйде 8 жастағы қызды қуалап, бейәдеп қылық көрсеткен ер адамға сот үкімі шықты. Жаза – 216 мың теңге айыппұл. Үкіммен келіспеген жеткіншектің анасы Sputnik Қазақстанға оқиғаның қалай болғанын айтып берді.
28 сәуірде жеткіншек ойын алаңына шығып, үйге қайта оралған. Үйге кіреберісте 56 жастағы көршісін көріп, амандасып өтіп кеткен. Ер адам жеткіншекті сөзге айналдырып, дүкенге апармақ болған.
"Ер адам қалтасынан картасын алып шығып, "картамда ақша қалмапты, жүр, үйге кіріп, ақша алып шығып, дүкенге апарайын" деген. Қызым "керек емес, рахмет" деп айтқан", - дейді қыздың анасы.
Ер адам қызбен лифтіге бірге кіреді, жеткіншек 6 қабаттың, ер адам 3 қабаттың батырмасын басады.
"Үшінші этажға келгенде ер адам белінен ұстап, қызымды үшінші қабаттан түсіріп алады. Қызым не істерін білмеген. Сөйтіп қызымды үйіне кіргізбек болған. Қызымды сүйіп, денесінің әр жеріне қолын жүгіртіп, сипалаған. Қызымның айтуынша, ер адам шалбарын шешпек болған, бірақ қызым қолын итеріп жіберген", - дейді әйел.
Оқиғаның барлығы подъездегі бейнекамераға түсіп қалған.
"Қызым қорқып, үйдің шатырына дейін қашқан, ер адам қуып берген. Шатыр жабық болған, 9 қабатта сол сәт бір көрші әйел шығып қалады. Қызым жағдайды айтады, ер адам өкшелеп қуып келген. Көршілер ер адамға ұрысқан. Сол келіншек 6-шы қабатқа түсіп, қызымды үйге кіргізбек болады. Сөйтсе жаңағы ер адам сол жерде тұр дейді. Көршім ұрысып жолатпаған", - дейді шымкенттік тұрғын.
Ер адамның әйелі үш жыл бұрын қайтыс болған, бір ұл, бір қызымен бірге тұрады. Ағайындары келіп жеткіншектің отбасынан кешірім сұраған.

"Қызыммен психолог сөйлесті. Қызым ер адам көрсе қорқып, қалшылдап кетеді. Тергеу кезінде 124-баптың 1-бөлігімен іс қозғалды. 1 маусым күні Қаратау аудандық прокуратурасына шақырып, "қол қойып кетіңіз" деді. Оқиын деп едім, "сол бұрынғы құжаттың көшірмесі" деді, мен сосын қол қойдым. 3 маусымда жарты сағат қалғанда сот болады деп хабарласып тұр. "Қалай сонда, сотқа солай 15 минут қалғанда хабарлап айта ма екен" дедім. Оған дейін 2-3 рет сот болады деп соза берді, бірақ болған жоқ. Ешкім іспен таныспаған", - дейді жәбір көрген қыздың анасы.

Қыздың анасы сотқа онлайн қатысады. Бірақ дәл сот кезінде іс 124-баптан 121-бапқа ауысып кеткен.

"Неге бапты ауыстырдыңыздар деп едім, судья "сөзді бөлмеңіз" деді. Судья Мүкібаев мені мазақ еткендей күліп тұр. Сот болып жатқанда біздің адвокат та, судья да, хатшы да бәрі басқа, өзгеріп кеткен. Психологтың видеосы, ешнәрсе тексерілген жоқ. Сотталушы "кешірім сұраймын, мүгедекпін" деп айтумен болды. Мен "наразымын" деп айтып едім, "қыздың шалбарын шешпеген" деп айтты. Сонда менің қызымның шалбары шешіліп, ер адам ойына келгенді істегенде ғана қамала ма?", - дейді әйел.

Қызға бейәдеп қылық көрсеткен ер адам көзінің көру қабілеті бойынша мүгедек болған.
Қылмыстық іс Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралған. Тағылған айып - Қылмыстық Кодекстің 121-1-бабы "Он алты жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиісу".
Соттың мәліметінше, бұл бап бойынша жаза ретінде түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту және қамаққа алу жазалары көзделген.
"42-баптың 7-бөлігіне сәйкес, түзеу жұмыстары тұрақты жұмысы жоқ адамдарға тағайындалмайды. 43-баптың 3-бөлігі бойынша қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы 2-топ мүгедек адамдарға қолданылмайды", - дейді Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының баспасөз қызметі.
Соттың хабарлауынша, Қылмыстық Кодекстің 467-бабы 1-1-бөлігіне сай, қамаққа алу жазасы 108-1 және 109-1 баптарынан басқа қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарға 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданылады.
"Аталған заң нормаларына сүйене отыра, жаза тағайындағанда сот сотталушының жасаған әрекеттері үшін шын ниетпен өкінгенін және екінші топ мүгедек екендігін ескерді. Оған қоса, сотталушыға кінәлі деп танылған бап бойынша көзделген басқа жазалар тағайындалуға жатпайды. Сол себепті Қылмыстық Кодекстің 55-бабы 4-бөлігін қолданып, сотталушыға 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салу жазасын тағайындады", - дейді соттағылар.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ, тараптар апелляциялық шағым беруге құқылы.
Наручники, зал суда - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.02.2026
Ақтөбеде оқушы босанды: азғындық жасаған зейнеткерге сот үкімі шықты
Жаңалықтар
0