Бес жыл ішінде мемлекеттік органдарға шамамен 16 миллион өтініш түсті – Тоқаев

© Photo : Пресс-служба президента Казахстана
Жазылу
Халық пен билік өкілдерінің қарым-қатынасы мүлде жаңа сипатқа ие болды
АСТАНА, 5 маусым – Sputnik. Бес жыл ішінде мемлекеттік органдарға шамамен 16 миллион өтініш түсті. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз ету ісіндегі рөлі" атты халықаралық форумда айтты.
"Өздеріңізге мәлім, мен 2019 жылы әкімшілік әділеттің жаңа үлгісін қабылдау қажеттігі жөнінде айттым. Бұл азаматтарымызды және кәсіпкерлерді билік өкілдерінің заңсыз әрекеттерінен қорғау үшін жасалған аса маңызды қадам болды. Ал 2021 жылы елімізде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енді", - деді президент.
Оның айтуынша мемлекет пен қоғам арасындағы байланысқа тың серпін берген "е-Өтініш" онлайн платформасы іске қосылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев "Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз ету ісіндегі рөлі" атты халықаралық форумда сөз сөйледі
© Photo : Пресс-служба президента Казахстана
"Яғни, азаматтардың өтініштерін мейлінше ашық әрі тиімді қарап, жедел шешім қабылдау тәсілі қалыптасты. Бұдан бөлек, бұл жүйе бюрократиялық кедергілерді азайтуға және жұртшылықтың ой-пікірін ескеруге мол мүмкіндік берді. Осылайша, халық пен билік өкілдерінің қарым-қатынасы мүлде жаңа сипатқа ие болды", - деп толықтырды Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев "Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз ету ісіндегі рөлі" атты халықаралық форумда сөз сөйледі
© Photo : Пресс-служба президента Казахстана
Ол соңғы бес жыл ішінде мемлекеттік органдарға шамамен 16 миллион өтініштің келіп түсуі соның айқын көрінісі екенін атап өтті.
