Қазақстанда 1 маусымнан бастап не өзгереді

© Sputnik / Антон Денисов / Медиабанкке өтуЖенщина открывает дверь
Женщина открывает дверь - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.06.2026
Жазылу
Маусымда Қазақстанда зейнетақы, құжат рәсімдеу, ақша айналымы, көлік және тасымал салаларында бірқатар өзгеріс күшіне енеді
АСТАНА, 1 маусым – Sputnik. Маусымның басында зейнетақы жинағын пайдаланудың жаңа тәртібі күшіне енеді. Жеңілдетілген ипотекаға құжат қабылдау басталады. Сондай-ақ халықты тасымалдау көлемін арттыру үшін қосымша пойыздар мен ұшақтар іске қосылады. Sputnik Қазақстан маусымда болатын негізгі өзгерістерді назарларыңызға ұсынады.

Зейнетақы жинағын пайдалану тәртібі өзгереді

Қазақстанда зейнетақы жинағының ең төменгі жеткілікті шегіне қатысты жаңа ереже бекітілді. Оған сәйкес, жеткіліктілік шегі алдыңғы жылғы деңгейден төмен болмауға тиіс. Оған қоса, инфляция деңгейінен 5 пайызға артық есептеліп отырады.
Үкіметтің тиісті қаулысы 4 маусымда күшіне енеді.

Магистратураға құжат қабылдау басталады

1 маусым күні магистратураға түсу үшін кешенді тестілеуге қатысуға өтініш қабылдау басталады.
Тіркеу 8 шілдеге дейін app.testcenter.kz сайтында жүргізіледі. Ал тестілеудің өзі 20 шілде мен 10 тамыз аралығында өтеді.
Ғылыми-педагогикалық магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу электронды форматта өткізіліп, үш бөлімнен тұрады. Шекті балл – 75 балл.

Баспана құжаты онлайн форматқа көшіріледі

Қазақстанда жылжымайтын мүлікке арналған техникалық паспорттар мен кадастрлық паспорттардың телнұсқалары тек онлайн форматта рәсімделеді. 1 маусымнан бастап ХҚКО-ларда осы құжаттарға өтінім қабылдау толығымен тоқтатылады.
Бұдан былай eGov.kz порталы немесе eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы өтінім беріп, төлем жасағаннан кейін дайын құжатты жеке кабинеттен жүктеп алуға болады. Ал онлайн өтінім бере алмайтын азаматтар ХҚКО-дағы өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарын пайдалана алады.

Жеңілдетілген ипотекаға өтінім қабылданады

1-15 маусым аралығында "Алматы жастары" ипотекалық бағдарламасына өтінім қабылданады.
Ипотека шарттары:
Несие көлемі 20 миллион теңгеге дейін;
Жылдық мөлшерлеме – 5%;
Бастапқы жарна – 10%;
Бағдарлама аясында бастапқы және қайталама нарықтан баспана сатып алуға мүмкіндік бар.
Негізгі талаптар:
үміткердің жасы 35 жасқа дейін;
Алматы қаласында кемінде бір жыл тұрақты тіркеуде болу;
кейінгі бес жылда үміткердің және оның отбасы мүшелерінің атында тұрғын үйдің болмауы;
кемінде алты ай ресми жұмыс өтілі мен міндетті зейнетақы аударымдарының болуы.
Ипотека денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт салаларының, ЖОО мен ғылыми-зерттеу институттарының мамандарына, журналистерге, әлеуметтік сала, құқық қорғау органдары мен коммуналдық қызмет қызметкерлеріне беріледі.
Өтінімдер kezekte.kz порталында қабылданады.

Ескі банкнот айналымнан шығарылады

Маусым айында ескі үлгідегі 2000 және 10 000 теңгелік банкноттардың параллель айналым мерзімі аяқталады. Шекті мерзім:
2 000 теңгелік банкноттар – 24 маусымда;
10 000 теңгелік банкноттар – 27 маусымда.
Ескі банкноттар төлем құралы болмайды. Бірақ оларды екінші деңгейлі банктер мен "Қазпошта" арқылы тағы 3 жыл бойы жаңа үлгіге айырбастауға болады.

Жаңа рейстер ашылады

12 маусымнан бастап Air Astana әуе компаниясы "Астана – Шымкент" және "Шымкент – Астана" бағыттары бойынша жаңа тұрақты рейстерді іске қосады.
Рейстер аптасына үш рет – жұма, сенбі және жексенбі күндері орындалады.
Бұдан бөлек, 1 маусымнан бастап SCAT әуе компаниясы "Шымкент – Санкт-Петербург" бағыты бойынша ұшуларды бастайды. Алғашында аптасына екі рейс – дүйсенбі және жұма күндері орындалады.
Ал 3 маусымнан бастап "Россия" әуе компаниясы "Астана – Санкт-Петербург" тікелей рейстерін қайта іске қосады. Жазғы кесте бойынша рейстер аптасына үш рет орындалады (Астанадан – дүйсенбі, бейсенбі, сенбі; Санкт-Петербургтен – сейсенбі, жұма, жексенбі).

Астанада электр қуатының тарифі өзгеруі мүмкін

Астана аймақтық электржелілік компаниясы 5 маусымнан бастап электр қуатының орташа тарифін 31,18 теңгеден 35,07 теңгеге дейін өсіруді ұсынып отыр. Компания ақпаратына сәйкес, бұған электр энергиясын сатып алу, тасымалдау құнының қымбаттауы және ұлттық желілердің қызмет ақысының өсуі себеп болған.

Қосымша пойыздар қатынайды

16 маусымнан бастап Астана, Алматы, Қарағанды секілді ірі қалалардан Достық пен Балқаш шипажайларына қатынайтын 15 қосымша пойыз маршруты іске қосылады.
Сондай-ақ вагондар саны орта есеппен 19-21-ге дейін ұлғаяды. Ал "Қарағанды – Балқаш" бағытында 1 маусым күні жаңа пойыз қатынай бастайды.
Выпускники школы №77 города Астаны - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.05.2026
Министр мектептегі бағалау жүйесіне өзгеріс енгізілетінін мәлімдеді
Жаңалықтар
0