Қазақстан Иранға агроөнеркәсіп өнімдері экспортын 97%-ға арттырды

© Photo : Пресс-служба "Казахстан Темир Жолы"Астық тиелген вагондар
Астық тиелген вагондар - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.06.2026
Жазылу
Астық жеткізу көлемі екі еседен астам ұлғайды
АСТАНА, 1 маусым – Sputnik. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Иранның аграрлық саладағы тауар айналымы 55,8%-ға өсіп, 342 млн АҚШ долларына жетті, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Бұл екіжақты сауданың жалпы көлемінің 79%-ын құрады. Қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 97%-ға артып, 238,5 млн АҚШ долларын құрады.
"Сонымен қатар астық жеткізу көлемі екі еседен астам ұлғайып, 1,1 млн тоннаға жетіп, 225,3 млн АҚШ долларын құрады", - деп жазылған хабарламада.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың Иранның өнеркәсіп, кен өндіру және сауда министрі Сейед Мохаммад Атабакпен кездесуі барысында Иранға астық экспортын ұлғайту, халықаралық ветеринариялық және халал стандарттарына сәйкес келетін сиыр және қой етін жеткізу көлемін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ Иран нарығына өсімдік майлары мен басқа да азық-түлік өнімдерін жеткізу әлеуеті зор екені айтылды.
Сейед Мохаммад Атабак Иранның Қазақстанмен сауда-экономикалық ықпалдастықты күшейтуге мүдделі екенін жеткізді.
"Қазақстан – Иранның өңірдегі маңызды серіктестерінің бірі. Біз өзара тауар айналымын одан әрі арттыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің тасымалын кеңейтуге, логистикалық бағыттарды дамытуға, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіптік кооперация саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылығымыз зор", – деді Иранның өнеркәсіп, кен өндіру және сауда министрі.
Кездесуде инвестициялық ынтымақтастық та назардан тыс қалмады.
Айдарбек Сапаров ирандық инвесторларды ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және терең өңдеу саласында, атап айтқанда, астық және майлы дақылдарды өңдеу бағытындағы жобаларға қатысуға ұсыныс білдірді.
Олжас Бектенов - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.05.2026
Қазақстанның ТМД елдерімен сауда айналымы 38,4 млрд долларды құрады
Жаңалықтар
0