Қазақстан мен Кения президенттері қандай келісімге келді

© Photo : Пресс-служба президента КазахстанаДворец Независимости в Астане
Дворец Независимости в Астане - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.05.2026
Жазылу
Қазақстан-Кения іскерлік кеңесін құру бастамасы көтерілді
АСТАНА, 20 мамыр – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Кения президенті Уильям Руто Астанада өткен келіссөздің нәтижесін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Тікелей рейстер ашылуы мүмкін

Кения басшысы Қазақстанға мемлекеттік сапармен алғаш рет келіп отыр. Тоқаев осы тарихи сапар қос мемлекеттің ынтымақтастығын жаңа белеске көтеретініне сенім білдірді.
"Бүгін президент Уильям Руто мырзамен бірқатар маңызды мәселе бойынша мазмұнды келіссөз жүргіздік. Әсіресе, сауда, экономикалық ықпалдастықты кеңейтуге назар аудардық. Көлік, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар, туризм, өнеркәсіп және басқа да салада бірлескен жобаларды іске асыруға уағдаластық. Елдеріміз арасында тұрақты түрде тікелей әуе рейстерін ашу мүмкіндігі жайында да пікір алмастық", - деді Тоқаев келіссөзден кейінгі брифингте.

Африка нарығына шығуға болады

Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін, ең алдымен бидайды Африка нарығына жеткізуге мүдделі.
"Осы мақсатпен Момбаса портын пайдалану мәселесін қарастырдық. Бұл - осы аймақтың 8 мемлекетіне жол ашатын Шығыс Африкадағы ең ірі логистикалық бағыттың бірі. Бүгінде Қазақстан нарығында Кенияның бірқатар тауары, соның ішінде шәй және кофе брендтері бар. Мұны екі ел арасында орныққан тұрақты сауда қатынасының көрінісі деуге болады. Сонымен қатар біз Кения өнімдерін Қазақстан арқылы Еуразия елдеріне жеткізу мәселесін талқыладық", - деп атап өтті президент.
Бұдан бөлек, Қазақстан-Кения іскерлік кеңесін құру бастамасы көтерілді. Бұл кеңес нақты жобаларды ілгерілетуге, өзара алыс-берісті арттыруға мүмкіндік береді. Кения Қазақстанның ақпараттық технологиялар мен ғарыш саласындағы жетістіктеріне қызығушылық танытып отыр.

Дамудың даңғыл жолына түскен мемлекет

Тоқаевтың айтуынша, дамудың даңғыл жолына түскен Кения Шығыс Африканың жауһары болып саналады. Мемлекет қаржы, ауыл шаруашылығы, көлік, логистика және басқа салаларда елеулі жетістіктерге қол жеткізді.
"Жалпы, Кенияның әлемдік сахнадағы беделі артып келеді. Бұл президент Рутоның сарабдал саясаты мен көреген көшбасшылығының нәтижесі деп білеміз", - деп атап өтті Тоқаев.
Президент бүгінгі келіссөз нәтижелі әрі мазмұнды болғанын ерекше атап өтті.

Еуразияға негізгі қақпа

Кения Қазақстанды маңызды стратегиялық серіктес ретінде қарастырып отыр.
"Кения маңызды стратегиялық серіктес және Орталық Азияға, тұтас Еуразия аймағына негізгі қақпа санайды. Біз Қазақстанның Шығыс және Орталық Африка елдерімен байланысына дәнекер болуға дайынбыз", - деді Руто.
Оның айтуынша, Қазақстан Найроби қаласын құрлықтағы қызметін ұйымдастырудың стратегиялық базасы ретінде пайдалана алады.
"Ал Момбаса және Ламу порттарын өңірлік нарыққа шығу үшін негізгі логистикалық хаб ретінде қарастыруды ұсындық", – деді Кения басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Кения президенті Уильям Рутомен шағын құрамда келіссөз жүргізді - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.05.2026
Тоқаев неліктен Найробиде елшілік ашу туралы шешім қабылданғанын айтты
Жаңалықтар
0