"Баламды өлтірген адам бостандықта жүр": Жамбыл облысында ана әділдік іздейді

© Sputnik/Ертай СарбасовМопед
Мопед - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.05.2026
Жазылу
Мотоцикл рөлінде отырған бала аман қалып, марқұмның денесінің сау-тамтығы қалмаған
АСТАНА, 20 мамыр – Sputnik. "Баламды көлікпен қағып кетті, алайда тергеу дұрыс жүрмей жатыр". Осылай деп әділдік іздеген Жамбыл облысының тұрғыны Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берді.
Жамбыл облысы Байзақ ауданы Түймекент ауылында 1 мамырда болған жол апаты Қуанбаевтардың отбасын қара жамылдырды. Үйдің тұңғышы - 15 жастағы Елдар Қуанбаев жол апатынан көз жұмды. Жайылымда жүрген малды көруге мотоциклмен шыққан екі баланы көлік қаққан.

"Мотоцикл рөлінде басқа бала болған. Ал менің ұлым арт жағына мінгескен. Оқиға сағат 10:00 шамасында болған. Екі көлікті басып озып келе жатқан көлік балаларды оңдырмай соққан. Ол көліктің рөлінде осы ауылдың 24 жастағы тұрғыны отырған", - дейді марқұм жасөспірімнің анасы Қарлығаш Аманбаева.

© PhotoЕлдар Қуанбаев
Баламды өлтірген адам бостандықта жүр: Жамбыл облысында ана әділдік іздейді - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.05.2026
Елдар Қуанбаев
Мотоцикл рөлінде отырған бала аман қалып, Елдардың денесінің сау-тамтығы қалмайды. Ал соққан көлік екпінмен барып ағашқа соғылады. Алайда жүргізуші аман қалады.
"Соққан жігіт оқиға орнынан қашып кеткен. Ал полиция бізді шақырып, іс туралы мәлімет айтпаған соң 10 мамыр күні өзіміз бардық. Бірақ бізге полиция "жаңағы соққан көліктің жүргізушісі жәбірленуші болып, мотоциклдегі бала кінәлі болады" деп шығарып салды. Ал кінәлі жүргізушінің екі көлікті жоғары жылдамдықпен басып озғанын сол жерде болған куәгерлер айтты", - дейді Қарлығаш Аманбаева.
Елдар шұғыл ауруханаға жіткізіледі, онда дәрігерлер баланың аяғын кесу керектігін айтқан. Облыс орталығынан мамандар келіп, аудандық ауруханада жасөспірімнің аяғын кеседі.

"Баламның аяғы үгітіліп кеткен. Ал анау соққан жігіттің атасы беделді адам, жазадан құтылып кетеді деп жатыр. Бұл жігіт былтыр да жол апатына түсіп, қасындағы досы қайтыс болған. Баламның жаназасында маған ауыл адамдары келіп, ол жігіттің бұл жол апатында да кінәлі болғанын, бірақ жазадан құтылып кеткенін айтты", ‑ дейді қара жамылған ана.

Елдар 5 мамырда қайтыс болды. Көпбалалы ана Қарлығаш Аманбаева сап-сау жүрген тұңғышын жер қойнына тапсырып, аңырап қалады.
© PhotoЕлдар Қуанбаев
Баламды өлтірген адам бостандықта жүр: Жамбыл облысында ана әділдік іздейді - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.05.2026
Елдар Қуанбаев
"Менің айтарым, кінәлі адам әділ жазасын алсын. Ол жігіт тайраңдап үйінде жүр, тіпті қамалған да жоқ. Кешірімді ата-анасы мен апасы бір-екі күн бұрын келіп сұрады. "Баламды кешіріңдер, жағдайымыз жоқ" деп жарты сағат отырып, бір нәрселерін айтты да кетті", - дейді анасы.
Оқиғаны Sputnik Қазақстан тілшісі Жамбыл облысының полиция департаментінен сұрап білді.
"1 мамыр күні "Түймекент-Сарыкемер" тас жолында болған жол-көлік оқиғасы бойынша Қылмыстық Кодекстің 345-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Жол апатының салдарынан мопедтің кәмелетке толмаған жолаушысы ауруханада көз жұмды. Көлік құралдары айып тұрағына қойылды", - дейді полиция.
Полицияның айтуынша, сараптама жасалған, қорытындысы дайын емес. Нәтижесіне қарай шешім қабылданады.
Жазмұрат Айқожаев  - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.05.2026
"Ағай, екі бала батып жатыр!": Маңғыстау тұрғыны жасөспірімдерді ажалдан аман алып қалды
Жаңалықтар
0