Дерекқор

Бүгін әлемде және Қазақстанда қандай мереке: 15 мамыр

© Sputnik / Владислав Воднев15 мамыр - күнтізбе
15 мамыр - күнтізбе - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.05.2026
Жазылу
15 мамырда не болғанын білесіз бе?
Бұл күннің несімен белгілі екенін Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.

15 мамырда қандай мереке аталып өтеді

Бүгін әлемде Халықаралық климат күні аталып өтеді. Климатты сақтау – адамзат алдындағы жаһандық мәселе. Жаһандық жылыну, табиғи катаклизмдер, планетадағы ауа райының өзгеруі – мұның бәрі Жердің климатын нашарлатып, табиғи ресурстар мен мемлекеттің тұрғылықты дамуына кедергі жасайды.
Бүгін - Халықаралық отбасы күні. БҰҰ 1993 жылы осындай шешім қабылдаған, содан бері әлемнің көптеген елінде тойланып жүр. Отбасы – қоғам мен мемлекеттің негізі, даму мен тұрақтылықтың көзі. Сол себепті мемлекет оны қорғауға үлкен мән береді. Мерекенің мақсаты – қоғам назарын отбасы саласындағы проблемаға аудару.
15 мамыр – Мәскеу метрополитенінің күні. 1935 жылы 15 мамырда Мәскеу халқы мен қонақтары үшін айтулы оқиға болды. Осы күні таңғы сағат жетіде Мәскеу метрополитенінің алғашқы желісі салтанатты түрде іске қосылды, ол қалалықтардың сүйікті орындарын өзара байланыстыратын – Сокольники мен Мәдениет саябағы. Желінің ұзындығы небәрі 11,2 км еді. Ал қазір Мәскеу метросы 295 шақырымға созылып жатыр, он екі желіден тұрады. Оның құрамына монорельстік жол да кіреді, ол күніне 9 миллионнан астам адамды тасымалдай алады.

15 мамырда әлемде болған тарихи оқиғалар

1875 жылы Колумбияда небәрі 45 секундқа созылған жер сілкінісі 16 мың адамның өмірін қиды. Жер сілкінісімен бір мезгілде Кокуто қаласының маңында жанартау атқылаған.
1905 жылы АҚШ-тың Невада штатында Лас-Вегас қаласының негізі қаланды.
1918 жылы АҚШ-та әлемдегі алғашқы әуе поштасы жұмыс істей бастады.
1928 жылы Микки Маус кейіпкері алғаш пайда болды.
2001 жылы "CSX 8888 оқиғасы" болды. Огайо штатында ешкім басқармаған пойыз екі сағат ішінде 76 км/сағ жылдамдықпен 106 км қашықтықты жүріп өтті. Пойыз жүгінің арасында қауіпті химикаттар да болған еді. 2010 жылы оқиға желісімен "Неуправляемый" фильмі түсірілді.

15 мамырда Қазақстанда болған тарихи оқиғалар

1989 жылы Алматыда қазақтың ұлы ғалымы, ағартушы, шығыстанушы, тарихшы, этнолог, географ, фольклортанушы Шоқан Уәлихановтың ескерткіші ашылды.
1992 жылы Қазақстан, Армения, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан елдері Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қойды.
1992 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы мен Атом энергетикасы жөніндегі агенттігі құрылды.
2013 жылы Нью-Йоркте Қазақстан және Доминика Достастығының БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдері бірлескен коммюникеге қол қойып, екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.
2016 жылы Парижде Carrousel du Louvre галереясында дарынды қазақстандық суретшілердің "Қазақстан ғажайыптары" көрмесі ашылды.

15 мамырда әлемде дүниеге келген танымал тұлғалар

1859 жылы француз физигі, Нобель сыйлығының лауреаты Пьер Кюри дүниеге келді;
1891 жылы орыс жазушысы, драматург, театр режиссері және актері Михаил Булгаков дүниеге келді;
1938 жылы француз актрисасы Мирей Дарк дүниеге келді. Көпшілікке "Высокий блондин в черном ботинке" фильмімен таныс. 15 жыл Ален Делонның азаматтық некедегі жары болды;
1940 жылы кеңестік және ресейлік актриса Светлана Светличная дүниеге келді. Фильмдері – "Бриллиантовая рука", "17 мгновений весны" және "Место встречи изменить нельзя";
1987 жылы британдық теннисші, екі дүркін Олимпиада чемпионы, әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы сэр Энди Маррей дүниеге келді.

15 мамырда Қазақстанда кім туды

1922 жылы қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш қыз, штурман-атқыш, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова дүниеге келді:
1944 жылы ақын, "Алаш" халықаралық әдеби сыйлығының иегері Жәркен Бөдешұлы дүниеге келді;
1947 жылы Қазақстанның мемлекет және саясат қайраткері Нұртай Әбіқаев дүниеге келді;
1959 жылы танымал кино және театр актері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ерік Жолжақсынов дүниеге келді;
1965 жылы Қазақстанның мемлекет және саясат қайраткері Гүлшара Әбдіқалықова дүниеге келді;
1984 жылы гимнаст, көркем гимнастикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның бес дүркін чемпионы, Азияның абсолюттік чемпионы, әлем біріншіліктерінің бірнеше дүркін жеңімпазы, екі Олимпиада ойынының қатысушысы Әлия Юсупова дүниеге келді.
Жаңалықтар
0