"Қожа Ахмет Ясауи" орденімен алғаш рет Ердоған марапатталды

© Photo : Пресс-служба президента КазахстанаКасым-Жомарт Токаев вручил Реджеп Тайип Эрдогану орден Qoja Ahmet Yasaui
Касым-Жомарт Токаев вручил Реджеп Тайип Эрдогану орден Qoja Ahmet Yasaui - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.05.2026
Жазылу
АСТАНА, 13 мамыр – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанды "Қожа Ахмет Ясауи" орденімен марапаттады, деп хабарлады Ақорда.
Тоқаев Ердоғанды өз халқын алға бастап келе жатқан әлемдік деңгейдегі салиқалы басшы және саясаткер ретінде ерекше құрметтейтінін атап өтті.

"Сіз туыстас елдердің рухани және саяси тұтастығын бекемдеу жолында аянбай еңбек етіп жүрсіз. Қадірлі Режеп Тайип Ердоғанның тікелей қолдауының арқасында Түркі мемлекеттері ұйымы қысқа мерзім ішінде ықпалды құрылым ретінде қалыптасты. Сондай-ақ ТҮРКСОЙ, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік ассамблеясы, Түркі академиясы, Түркі мәдениеті және мұрасы қоры, Түркі инвестициялық қоры секілді маңызды институттардың жұмысы жандана түсті. Біз мұны жоғары бағалаймыз", – деді Қазақстан президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Түркияның арасында сан ғасырлық тарихи сабақтастық бар екеніне тоқталды.

"Біздің тегіміз бен дініміз – бір, діліміз – ұқсас. Қазақ пен түрік жұртының тереңнен тамыр тартатын бауырластығы бүгінде стратегиялық серіктестікке ұласты. Сіз достық қарым-қатынасымызды нығайтуға, ортақ құндылықтарымызды дәріптеуге өлшеусіз үлес қосып келесіз. Сол үшін өз атымнан және барша Қазақ елі атынан Сізге зор алғыс айтамын", – деді мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы Түркия президентін Қожа Ахмет Ясауи атындағы мәртебелі орденмен марапаттау туралы шешім қабылдағанын, Режеп Тайип Ердоған – бұл орденнің тұңғыш иегері екенін атап өтті.
"Мұның символдық мәні өте зор. Бұл марапат – ұлы бабамыз салған рухани бауырластық пен тарихи әділдік жолының жарқын үлгісі. Қадірлі президент мырза, Сіздің Қазақ еліндегі беделіңіз өте жоғары. Халқымыз Сізді сыйлайды, жақсы көреді, қолдайды. Қадірлі досым, осы жоғары марапатты Сіздің түркі әлеміндегі көшбасшылық рөліңізге берілген лайықты баға деп қабылдаңыз", – деді президент.
Режеп Тайип Ердоған Түркістанның пірі Қожа Ахмет Ясауи атындағы ерекше орденнің алғаш рет өзіне берілгеніне қуанышты екенін жеткізді.
"Бұл орденді Түркия Республикасы және түрік ұлтына деген ілтипатыңыздың белгісі деп қабылдаймын. Осы орайда елдеріміз арасындағы бауырластықты бекемдеу бағытындағы көреген саясатыңыз үшін Сізге, құрметті бауырым, алғыс айтамын. Бауырластығымыз, достығымыз лайым мәңгі болсын!", – деді Түркия президенті.
Жаңалықтар
0