Қазақстан Түркияға халал ет өнімдерін экспорттауға дайын – Тоқаев

© Photo : Ақорданың баспасөз қызметі
Жазылу
Қазақстан бауырлас елмен ветеринария және фитосанитария салаларында бірлесе жұмыс істеуге ниетті
АСТАНА, 14 мамыр – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Қазақстан-Түркия бизнес форумына қатысты, деп хабарлайды Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаев бизнеске қолайлы жағдай жасауды мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі ретінде атады.
"Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі құрылды. Арнайы Инвестициялық штаб жұмыс істеп тұр. "Бір терезе" қағидатына сай қызмет көрсететін Ұлттық цифрлық платформа іске қосылды. Сондай-ақ шетелдік кәсіпкерлер Altyn Visa бағдарламасының игілігін қолдана алады. Түрік кәсіпкерлерін осы мүмкіндікті пайдалануға шақырамын", - деді ол.
Оның айтуынша Астана халықаралық қаржы орталығында 90-ға жуық елдің 5 600-ден астам компаниясы тіркелген. Соның ішінде қаржы, сауда, құрылыс және басқа да салаларда жұмыс істейтін 73 түрік компаниясы бар. Бұдан бөлек, Астана қаржы орталығы мен "Борса Ыстанбұл" биржасының арасындағы серіктестік нығаюда.
Мемлекет басшысы осы кезге дейін қазақ-түрік іскерлік топтарының бірлескен күш-жігерінің арқасында жалпы құны 7,6 миллиард долларға тең 142 жоба жүзеге асқанын атап өтті.
"Солардың қатарында тұрған YDA Holding компаниясын атап өткім келеді. Бұл компания елімізде көпсалалы өндіріс кешенін ашты. Сонымен қатар алюминий өндірісін жандандырып, медициналық бұйымдар шығарып жатыр. Ал Panelsan, Betek Boya кәсіпорындары құрылыс және химия өнеркәсібіне қатысты жобаларды жүзеге асыруда. Aksa Energy компаниясы Қызылорда облысында заманауи электр станциясын іске қосты", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, Қазақстан – Қытай мен Еуропаны жалғап тұрған мемлекеттердің бірі.
"Қазір осы бағыттағы жүк тасымалының 85 пайызы біздің еліміз арқылы өтеді. Транскаспий халықаралық көлік бағыты, яғни, Орта дәліз, Қазақстанның тасымал саласындағы әлеуетін арттыруға оң ықпал етуде. Соңғы жылдары осы дәліз арқылы өткен жүк көлемі 5 еседен астам өсті. Былтыр контейнерлік жүк тасымалы 36 пайызға көбейді. Көп ұзамай бұл көрсеткішті 10 миллион тоннаға жеткізуді көздеп отырмыз", - деп толықтырды Тоқаев.
Ол Қазақстан транзиттік тасымал жүйесін тиімді үйлестіру үшін "Smart Cargo" бірыңғай цифрлық басқару платформасын әзірлегенін айтты.
"Түрік тарапына "e-permit" жобасын бірге жүзеге асыруды ұсынамыз. Бұл жоба жүк рәсімдерін электронды түрде, яғни, мейлінше ашық жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ әкімшілік шығындарды азайтады. "Орта дәліз" жобасын "Трамптың халықаралық бейбітшілік және өркендеу жолы" (TRIPP) бастамасымен ұштастыру маңызды деп санаймын. Бұдан бөлек, түрік кәсіпкерлері еліміздің әуежай инфрақұрылымына қомақты инвестиция салғанын ерекше атап өткен жөн. Қазір TAV Holding компаниясы Алматыдағы халықаралық терминалды жаңғыртуда. Ал S Sistem Lojistik компаниясы Ақтөбе әуежайында логистика орталығын салуды жоспарлап отыр", – деді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп және ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты күшейту қажет екенін мәлімдеді.
"Қазақстан егін алқаптарының аумағы бойынша әлемде алтыншы орында тұр. Сондай-ақ еліміз астық экспорттайтын ең ірі он мемлекеттің қатарына кіреді. Былтыр диқандарымыз 27 миллион тонна астық жинады. Соңғы бес жылда ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 1,8 есе өсті. Осылайша, Қазақстан Global Food Security индексі бойынша 32-ші орында тұр. Былтыр екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің алыс-берісі 25 пайызға артты", - деді мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, Tiryaki Holding компаниясы Астанада бидай мен бұршақты терең өңдейтін зауыт салмақшы. Сондай-ақ İskefe Holding кәсіпорны желатин өндірісін қолға алмақ. Alarko Holding компаниясы Шымкентте жылыжай кешенін салуды жоспарлап отыр.
"Сондай-ақ ветеринария және фитосанитария салаларында бірлесе жұмыс істеуге ниеттіміз. Өз тарапымыздан Түркияға "халал" стандартына сай келетін ет өнімдерін экспорттауға дайынбыз", – деді президент.