Қазақстанда шетелдік радиоактивті қалдықтарды әкелуге және көмуге тыйым салынады

© Sputnik / Андрей СоломоновСпециальные вагоны для перевозки отходов ядерного топлива, архивное фото
Специальные вагоны для перевозки отходов ядерного топлива, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.05.2026
Жазылу
Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі ұлттық оператор институтын құру жоспарланып отыр
АСТАНА, 13 мамыр – Sputnik. Мәжіліс депутаттары радиоактивті қалдықтарға қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Депутат Еділ Жаңбыршин айтуынша, Қазақстанда радиоактивті қалдықтардың көлемі жыл сайын артып келеді. Бұған энергетика, медицина, мұнай-газ және тау-кен салаларында иондаушы сәулелену көздерінің кеңінен қолданылуы себеп. Сонымен қатар кеңес дәуірінен қалған қалдықтар да бар. Кейбір нысандардың қорғаныш қабаттары тозып, бұзылып жатыр.
"Заң жобасының негізгі жаңашылдықтарының бірі – радиоактивті қалдықтармен жұмыс істейтін Ұлттық оператор институтын құру. Халықаралық тәжірибе бұл модельдің тиімді екенін көрсетіп отыр. Ұлттық оператор қалдықтармен жұмыс істеудің бірыңғай, қауіпсіз және экономикалық тұрғыдан тиімді жүйесін қалыптастырады", – деді Жаңбыршин Мәжілістің бүгінгі отырысында.
Ұлттық оператордың негізгі міндеттері:
радиоактивті қалдықтарды жинау, тасымалдау және өңдеуді ұйымдастыру;
сақтау және көму нысандарын жобалау, салу және пайдалану;
қалдықтарды қайта өңдеу және бейтараптандыру;
мемлекеттік тізілім жүргізу;
халықаралық жобаларға қатысу;
ұзақ мерзімді мониторинг жүргізу.
Осылайша, ұлттық оператор ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, радиоактивті қалдықтарды түпкілікті көмуге толық жауап береді.
"Заң жобасының тағы бір маңызды нормасы – Қазақстан аумағына шетелдік радиоактивті қалдықтарды әкелуге, орналастыруға және көмуге тыйым салу. Бұл норма экологиялық қауіпсіздікті және ұлттық мүддені қорғауға бағытталған", – деді депутат.
Заң жобасы екінші оқылымға дейін тағы да талқыланады.
Жаңалықтар
0