"458 пайызға қымбаттаған": депутаттар ұялы байланыс операторларын сынға алды

© Sputnik / Абзал КалиевМужчина с телефоном в руках
Мужчина с телефоном в руках - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.05.2026
Жазылу
АСТАНА, 13 мамыр – Sputnik. Мәжіліс депутаттары ұялы байланыс тарифтерінің қатты қымбаттап кеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Төменгі палата өкілі Тілектес Адамбековтың айтуынша, Қазақстанда 2017 жылы байланыс қызметінің бағасын мемлекеттік реттеу шаралары тоқтатылған болатын. Содан бастап ұялы байланыс операторлары бағаны өз бетімен белгілей бастаған. Ал мобильді интернеттің жылдамдығы әлем бойынша орташа көрсеткіштен төмен.
"Соған қарамастан, тарифтердің бағасы үнемі көтеріліп тұрады. Билайнды алсақ, олардың "Барлығы" деген тарифі 2017 жылдан бері 310 процентке дейін өскен. Бұрын 1 290 теңге болса, қазір 5 290 теңге тұрады. Сол сияқты "Әлеуметтік" тарифі 2017-2026 жылдары аралығында 458 процентке қымбаттаған. Сонда 500 теңгеден 2 790 теңгеге дейін өскен. Басқа операторлар да солай, жыл сайын тарифті 20-30 процентке көтеріп отырады. Ал интернеттің сапасы бұрынғыдай", - деді Адамбеков мәжілістің бүгінгі отырысында.
Осы орайда депутат байланыс операторларына салықтық жеңілдіктер де берілетінін еске салды. Мәселен, радижиілік спектрін пайдаланғаны үшін 90 процентке дейін жеңілдік қарастырылған. Соның арқасында ұялы байланыс операторлары 2030 жылға дейін 175 млрд теңге үнемдей алады. Соған қарамастан, қызмет сапасы сын көтермейді.
Қазіргі кезде депутаттар ұялы байланыс тарифтері мен қызмет бағасын көтеруге қатысты мәселелерді бәсекелестікті қорғау агенттігімен келісу міндетін енгізуге мүдделі. Осыған қатысты ұсыныстар талқылауға шығарылып отыр.
"Неге Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі басқа тарифтердің бағасын реттейді де, байланыс қызметін реттемейді?", - деп сауал жолдады Адамбеков.
Телефон қоңырауы - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.05.2026
Қазақстанда ұялы телефонмен жасалатын қоңыраулар таңбаланады - заң әзірленді
Жаңалықтар
0