Алматылық жігіт бала күнінде киноға түсемін деп зорланғанын айтты – полиция не дейді

CC0 / / Архивное фото подростка
Архивное фото подростка - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.05.2026
Жазылу
АЛМАТЫ, 12 мамыр – Sputnik. Бала күнімде туысқаным зорлады деген алматылық Нұрғали Нұғман әділдік іздейді. Оқиғаға қатысты Sputnik Қазақстанға қалалық полиция департаменті түсініктеме берді.
Әлеуметтік желіге шығып, өзінің бала күнінде зорлық көргенін айтқан Нұрғали Нұғманның сөзі қоғамда резонанс тудырды.
"Мені бала күнімде туысқан көкем зорлап тастады. Негізінен бұл әңгімені айтқым келмеген. Бірақ айтатын уақыт келді. Менің көкем продюсер болатын. Сол кезде мен қазақстандық телесериалдарға түскім келетін. Көкемнің көмегімен кастингтерден өттім, массовкаларға қатыстым. Уақыт өте келе сериалдарда басты рөлдерді, қосымша рөлдерді алып беруге көмектесті", - дейді Нұрғали Нұғман.
Оның айтуынша, "көкесінің" арқасында көп ұзамай елге танымал бола бастаған.
"Бір күні кино алаңында жүргенімде көкем келіп, мені құшақтап, "Нұрғали, сен менің туған баламдайсың, мен сені қатты жақсы көремін" деді. Негізі ол көкеммен жақын араласпағанмын, бар білетінім, ол үйімізге қонаққа келетін", - дейді Нұрғали.
Ол зорлық жұмыс уақыты біткен соң болғанын айтты.

"Жұмыс аяқталған соң актерлерге арнайы көлік бөлінетін, сол көлік үйлеріне жеткізіп тастайтын. Бірақ сол күні көкем маған "менің кабинетіме кел, мен сені өзім апарып тастаймын" деді. Мен кішкентай бала болған соң көкемді кабинетінде күттім. Ол кісі кірді де "үстіңдегі жейдеңді шешші" деді", - деп баяндады Нұрғали Нұғман.

Ер адам үстіндегі киімдерінің бәрін шешіп, баланың алдында тыржалаңаш тұрған.
"Маған бұл нәрсені айту қиын. Сол сәтте мені диванға жатқызды да, мойнымнан, құлағымнан иіскеп, жалай бастады. Бір кезде үстімдегі киімімді түгел шешіп, істейтінін істеді. Мен ол кезде кішкентай бала болдым. Шок жағдайға түстім. Қатты қорыққанымнан не істерімді білмедім. Ол істеп болған соң "Нұрғали, бұны үйдегілерге немесе басқаларға айтатын болсаң алдағы уақытта ешбір сериал, киноға түспейсің" деді", - дейді жігіт.
Өмір бойы осы азаппен келе жатырмын деген Нұрғали Нұғман өзіне қол жұмсамақ болғанын да айтты.
Кейіннен жәбір көрдім деген жігіт тағы да әлеуметтік желіде жазба жариялады.
"Негізі ол видеода "Балапан" телеарнасы деп, "Балапан" жобасымен шатастырып айтыппын. "Балапан" телеарнасының ұжымынан кешірім сұраймын. Негізі мен коммерциялық жоба туралы айтқан болатынмын. Бұл туралы сұхбат жазатындарға толық айтып бере аламын, бұл проблеманы көлеңкеде қалдырмаймын. Өйткені біздің елде бұндай проблемалар өте көп болып кетті. Сіздер де ұл, қыз өсіріп отырсыздар. Сол нәрсені қадағалап, олар мен жасаған қателікті жасамаса деген ниет қана. Осы видео арқылы көп қазақ бауырымыздың көзін ашқым келеді", - дейді Нұрғали Нұғман.
Оқиғаға қатысты Алматы қалалық полиция департаменті түсініктеме берді.
"Әлеуметтік желіде кәмелетке толмаған балаға қатысты ықтимал күш қолдану дерегі жөнінде жарияланған бейнежазба бойынша материал белгіленген тәртіппен тіркелді. Қазіргі уақытта процессуалдық тексеріс басталды. Жазбада көрсетілген барлық мән-жайды, сондай-ақ оқиғаға қатысы болуы мүмкін тұлғалар мен куәгерлерді анықтауға бағытталған кешенді шаралар жүргізілуде", - деп жазылған хабарламада.
Балаларға қатысты ықтимал зорлық-зомбылық деректері бойынша мұндай өтініштерге міндетті түрде құқықтық баға беріледі және ерекше бақылауда болады, дейді полицейлер.
Бұл факті расталған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданады.
Жаңалықтар
0