Қазақстандық партизандардың туыстарына Францияның наградасы табысталды

© Photo : Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіҚазақстандық партизандардың туыстарына Францияның наградасы табысталды
Қазақстандық партизандардың туыстарына Францияның наградасы табысталды - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.05.2026
Жазылу
АСТАНА, 9 мамыр – Sputnik. Астанада Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Францияда партизан отрядтарының құрамында шайқасқан жауынгерлердің туыстарына награда табысталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қорғаныс министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Сұрапыл соғыс кезінде 300-ден астам отандасымыз Францияның Тулуза қаласы мен оның маңын азат етуге белсене қатысқан. Бүгін сол жауынгерлердің бесеуі – Ахмет Бектаев, Бектемір Байжанов, Нұранбай Баймұратов, Өтеуәли Бейсенғалиев пен Ахмет Субаловтың балаларына және немерелеріне Францияны азат етуге шайқасқаны үшін "Азат ету" медалі табысталды. Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Сильвиан Гиоге барлығына осы елдің қарулы күштері және ардагерлер министрі Катрин Вотреннің алғыс хатын тапсырды.
"Үш жүзден астам қазақстандық Франция жерінде француздармен бірге елімізді азат ету жолында шайқасты. Осылайша, олар өз Отанына мыңдаған шақырым жерде ортақ жауға қарсы тұрып, барлық қиындыққа төтеп берді, қан төкті, жандарын пида етті. Кезінде генерал де Голль оларға құрмет көрсетті, ал бүгінгі Франция мұны ешқашан ұмытпайды",– делінген Вотреннің алғыс хатында.
Партизан жауынгерлердің туыстары бұл Жеңістің 81 жылдығында ерекше сый болғанын ерекше атап өтті.
"Бүгін қатты толқып тұрмыз. Әкеміздің ерлігі ұлықталып жатыр. Өте ризамыз, көзімізге жас келіп тұр. Батырлар рухына құрмет көрсетіп жатқан Францияға, еліміздің Қорғаныс министрлігіне алғысымыз шексіз", – дейді партизан жауынгер Бектемір Байжановтың ұлы Сырлыбай Бектеміров.
Айта кетері, салтанатты шара Астанадағы Шарль де Голль ескерткіші алдында өтті.
Жаңалықтар
0