"Досымды өз қолыммен жерледім": ҰОС ардагерінің естелігі

Ардагер медалі - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.05.2026
Жазылу
Солтанбай атаның әкесі соғыстан мүгедек боп оралады, ал екі ағасы соғыста көз жұмады
АСТАНА, 6 мамыр – Sputnik. Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінде-ақ Солтанбай Жарықбасов мектеп қабырғасынан майданға аттанады. Ол Қытай жерін Жапоннан азат етуге атсалысқан жауынгер болған. Ардагердің естелігін Sputnik Қазақстан тілшісі тыңдап қайтты.

Үйдегі төрт азамат соғысқа аттандық

Солтанбай Жарықбасов Ташкент қаласында кіші командирлер курсын тәмамдайды. Кейін Забайкалье майданында 25-ші механикаландырылған бригада құрамында пулеметшілер бөлімшесінің командирі болып қызмет етеді.
© PhotoҰлы Отан соғысының ардагері Солтанбай Жарықбасов
Ұлы Отан соғысының ардагері Солтанбай Жарықбасов - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.05.2026
Ұлы Отан соғысының ардагері Солтанбай Жарықбасов

"1943 жылдың 1 мамырында әскерге алып кетіп, бізді Моңғолияға түсірді. Жапондар Қытайдың жерін басып алған. Сол жерде Жапонның 1 млн әскері тұрды, бізді соларға қарсы қойды. Соғысқа әкем мен екі бауырымды да бірінен кейін бірін алып кеткен, мен төртінші болып соғысқа аттандым. Ауылда анам кішкентай қарындасыммен жалғыз қалды", - дейді Солтанбай қария.

Досымды өз қолыммен жерледім

Қытай жерін жапондардан азат еткен соң қазақ жауынгері Соловенский әскери бөліміне қайтып оралған. Бұл сержанттық құраманы тек 1950 жылы ғана елдеріне қайтарған. 18 жасында соғысқа аттанған Солтанбай Жарықбасов 25 жасында туған жеріне табан тірейді.
"Соғыстың жеңілі болсын ба... Менің есімнен кетпейтін бір оқиға - пулеметке оқ беріп тұратын досым татар бала қайтыс болды. "Солтанбай, мен анамның жалғыз баласымын. Егер мен қаза болсам, соған хабар айтарсың" дейтін. Сол досым қаза тауып, өз қолыммен жерледім. Жанымды ауыртып, әлі күнге көз алдымнан кетпейтін оқиға сол болды", - дейді ардагер.

Алладан көпбалалы болуды сұрадым

Солтанбай атаның әкесі соғыстан мүгедек боп оралады, ал екі ағасы соғыста көз жұмады.
"Мені соғысқа шығарып салатын адам болған жоқ. Сол кезде "балам көп болса екен" деп Алладан тілегенім бар. Аллаға шүкір, тілегім қабыл болды, 8 баламнан 79 немере-шөберелі болдым", - дейді қария.
Солтанбай ардагер пулеметшілер арасында жеңімпаз атанып, 45 оқтың 43-ін нысанаға дәл тигізген мерген болған.

15 шақырымды жаяу жүріп сабақ берген

Соғыстан кейін туған ауылына оралып, ұстаздық жолды таңдайды. Алдымен Түрген ауылындағы педагогикалық училищені, кейін Қазақ педагогикалық институтының тарих факультетін бітіреді.
Тарих пәні ол үшін тек сүйікті сабақ қана емес, өмірлік миссиясына айналған. Солтанбай Жарықбасов Қазақстан тарихына қатысты материалдарды өмір бойы жинап келеді.
"Мұғалім болып жүргенде Алға ауылынан 15 шақырым жердегі Қызылту ауылына екі жылдай жаяу барып сабақ бердім. Зейнетке шыққан соң да жата алмадым. Мектеп, жол салуға, мешіт салуға жанталасып кірістім. Талай жыл оқушының жағдайын ойласам, одан кейінгі жылдарымды ауылыма арнадым", - дейді ҰОС ардагері.

Әлі күнге көлік жүргізеді

Солтанбай ата 97 жасында тұңғыш шөбересін перзентханадан өз аяғымен барып шығарып алған. Ардагердің есте сақтау қабілеті әлі де жақсы, "барлығы балаларымның күтімінің арқасы" дейді ол. Әлі күнге көлік жүргізіп, фазендадағы шаруасын күнделікті таңертең бір бақылап келетін әдеті бар. Тіпті қалжыңдап, екінші рет үйленбегеніне өкінетіндігін де айтып қалды.
"85 жасымда кемпірім дүние салды. Жалғыз қалдым. Сол кезде тағы да үйленсем болар еді, бірақ мына 8 балам ол әйеліме жан-жақтан тиісе ме деп бас тартып ем, қазіргі күні қап деп санымды соғамын", - деген ардагер күлкіге қарық қылды.
Солтанбай қарияның жасы 102-ге қарады. Ол ұзақ жылдар бойы Байтерек ауылдық округінің ақсақалдар кеңесін басқарды. Оның педагогикалық білімі мен ұйымдастырушылық қабілеті қоғамдық жұмыстарда ерекше бағаланды. Туған өңіріндегі ауылдардың әлеуметтік дамуына және жастар тәрбиесіне қосқан үлесі зор.
Алматы облысындағы Қарасаз ауылы - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.05.2026
"Қолға түскен дәрімен емдеп есіміз шықты": Алматы облысында ірі қараға аусыл жұқты
Жаңалықтар
0