1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні

© Sputnik/Ертай Сарбасов
Жазылу
Қазақстан халқының бірлігі күні 1995 жылы 18 қазанда бекітілді
АСТАНА, 1 мамыр – Sputnik. Бүгін қазақстандықтар 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтіп жатыр. Бұл – бейбітшілік пен келісім, бірлік пен ынтымақтың мерекесі.
Бұл елдің ең маңызды құндылықтары – этникаарлық достықты, толеранттылықты және ұлттар достығын дәріптейтін күн.
Мейрамның шығу тарихы
Қазақстан халқының бірлігі күні 1995 жылғы 18 қазанда президент жарлығымен бекітілді. Осылайша мейрам 1996 жылдан бастап тойланып келеді.
Алғашында 1 мамыр – "Қазақстан халықтарының бірлігі күні" деп аталған. Қазақстан халқы Ассамблеясының атауы да көптік жалғаумен болды. Артынан Қазақстан халқының біртұтас ел екенін көрсету мақсатында көптік жалғау алынып тасталды.
Халық бірлігі күнін мемлекеттік деңгейде бекітудің өзіндік мәні бар. Біріншіден, Қазақстанда бір шаңырақ астында 130-дан астам ұлттың өкілі тұрады. Олардың басым бөлігі Қазақстанға ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы жаппай депортациялау және эвакуациялау кезінде көшіп келген. Дегенмен тәуелсіздік алғаннан кейін де әртүрлі ұлт өкілдері қазақ жеріне қоныстанды. Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтудің тағы бір себебі, этникалық бейбітшілік пен келісім саясаты – мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі.
Мереке қалай тойланады
Бұл күн еліміздегі түрлі ұлттар мен ұлыстардың достығын, татулығын және бірлігін паш ететін үлкен мерекеге айналған.
Осы күні еліміздің барлық өңірлерінде орталық алаңдарда, саябақтарда концерттер, мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады:
Достық фестивальдері өтеді. Әр түрлі этномәдени бірлестіктер өздерінің салт-дәстүрін, ұлттық киімдері мен өнерін көрсетеді.
Ұлттық тағамдар жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Әр ұлт өкілі ұлттық дәмін әзірлеп, ерекше дастархан жаяды.
Мемлекеттік мекемелер, мектептер мен білім беру ошақтарында бірлік пен татулықты дәріптейтін шаралар, ашық сабақтар, көрмелер өткізіледі.
Қазақстанда тұратын ұлттардың саны
Қазақстан халқының жалпы саны - 20 532 240 адам.
Ұлттар бөлінісіндегі көрсеткіш мынандай:
Қазақтар – 14 664 202 адам.
Орыстар – 2 943 022
Өзбектер – 695 557
Украиндар – 367 547
Ұйғырлар – 309 164
Немістер – 222 890
Татарлар – 218 361
Әзербайжандар – 157 568
Кәрістер – 120 821
Түріктер – 93 234
Дүнгендер – 88 165
Беларустар – 73 788
Тәжіктер – 61 307 14
Күрділер – 52 077 15
Қырғыздар – 41 459.
Айта кетері, қазақтардың ең көп саны Түркістан облысында – 1,6 млн, орыстардың басым көпшілігі Алматы қаласында тұрады – 428 мың. Ал өзбектер Түркістан облысында – 404 мың адам, украиндар Қостанай облысында – 83 мың, 309 мың ұйғырдың басым бөлігі Алматы қаласында тұрады – 124 мың адам.
