Зейнетақы жинағын пайдалану шегі көтеріледі – министрлік себебін түсіндірді

CC0 / Bernd Schray / Пожилой мужчина, архивное фото
Пожилой мужчина, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.04.2026
Жазылу
Зейнетақы жинағы ең алдымен адам зейнетке шыққаннан кейінгі тұрақты табыс көзі болуға тиіс
АСТАНА, 30 сәуір – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алуға арналған ең төменгі жеткіліктілік шегін айқындау әдістемесін қайта қарау себептерін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Министрлік атап өткендей, зейнетақы жинағы ең алдымен адам зейнетке шыққаннан кейінгі тұрақты табыс көзі болуға тиіс.
"Бұл қаражатты кез келген уақытта алып жұмсайтын депозит ретінде қарастыруға болмайды. Әсіресе, болашақ зейнетақысы мемлекеттен төленетін базалық төлем мен өздерінің жинағына негізделетін жас қазақстандықтар үшін бұл қаржыны сақтау аса маңызды", - деп жазылған ведомство хабарламасында.
Қазіргі қолданыстағы әдістеме жинақтың жеткіліктілік шегінен асатын бөлігін алуға мүмкіндік береді.
"Алайда ол көбіне "мінсіз" сценарийге негізделген: яғни азамат тұрақты түрде міндетті зейнетақы жарналарын аударып, зейнет жасына дейін қажетті соманы жинайды деп болжанады. Ал өмірде кездесетін жағдайлар, мысалы, тұрақты табыстың болмауы немесе жұмыссыздық кезеңдері ескерілмейді. Сонымен қатар, соңғы үш жыл ішінде ең төменгі жеткіліктілік шегі қайта қаралмағаны да түзетулер енгізуге негіз болды", - дейді мамандар.
Осыған байланысты министрлік экономикалық тұрғыдан негізделген (актуарлық) тәсілге сүйенген жаңа есептеу әдістемесіне көшіп отыр. Енді есеп болжамды өмір сүру ұзақтығын, инвестициялық табыстылықты және болашақ төлемдердің мақсатты деңгейін ескереді.
"Мысал ретінде 46 жастағы салымшының шотында 11 млн теңге бар делік. Оның жасына сәйкес жеткіліктілік шегі – 7,8 млн теңге, яғни қазіргі жағдайда ол 3,2 млн теңгені шешіп ала алады. Егер осы соманы шешіп алса, болашақта Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алатын ай сайынғы төлемі ең төменгі деңгейде қалыптасады (қазіргі есеп бойынша – ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ы немесе шамамен 35,6 мың теңге)", - деп жазылған хабарламада.
Ал егер жинақтағы қаражатты алмай, сақтап қалса, болашақтағы зейнетақысы шамамен 2–2,5 есе жоғары болуы мүмкін.
Жаңалықтар
0