"Көзі нашар көретін балалар саны артып барады": офтальмолог дабыл қақты
15:19 25.04.2026 (жаңартылды: 16:00 25.04.2026)

© Photo : Jeniffer Wai Ting Tan
Жазылу
Дәрігер күніне 40 шақты науқас алдына келетінін айтты
АЛМАТЫ, 25 сәуір - Sputnik. Көзі нашар көретін балалар саны артып барады. Осылай деп көз дәрігерлері дабыл қағып жатыр. Алматы қалалық Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығы офтальмология бөлімінің меңгерушісі Нұртас Кеңесов Sputnik Қазақстан тілшісіне көз проблемасы мен одан сақтану жолдары туралы айтты.
Күніне 40 науқас алдымыздан өтеді
Дәрігер күніне 40 шақты науқас алдына келетінін айтты.
"Көздегі қылилық немесе әртүрлі асқыну мәселелерін балалар көп шағымданады. Соңғы бес жылды алып қарасақ, бес жыл бұрынғымен салыстырғанда көзі ауыратын балалар саны жылдан жылға артып барады. Әсіресе, короновирустан кейін көбейді. Негізі гаджеттердің де кесірі көп тиюде", - дейді Нұртас Кеңесов.
Оның айтуынша, технологиясы дамыған қазіргі заманда тек гаджет емес, теледидар, компьютерге қарағанда да аса абай болу керек.
"Жақын қашықтықта қарауға ешқашан болмайы. Негізі балалар шын мәнінде гаджеттерді өте ұзақ, әрі өте жақын қолданады. Салдарынан көздегі қарашықты ұстап тұратын бұлшық еттер әлсірейді. Негізі гаджет немесе теледидар қарағанда арақашықтық 6 метрден алыс болу керек. Бір өкініштісі біздің тұрып жатқан баспанамыздың өзінде ондай мүмкіндік бола бермейді", - дейді офтальмолог.

Көзі нашар көретін балалар саны артып барады деп офтальмологтар дабыл қағып жатыр.
© Нұртас Кеңесовтың жеке мұрағатынан
Сол себепті далада, таза ауада кем дегенде екі сағаттан көп демалу керек. Қазіргі күні гаджетті күніне неше сағат пайдалану керектігі туралы да нақты қағида жоқ.
"Баланың көзін офтальмологқа тұрақты түрде тексертіп тұру керек. Минус па, плюс па, қандай өзгеріс бар, бәрін қадағалау керек. Негізі бізге көбіне мектеп жасындағы балалар көп келеді. Жалпы көз ауруына келгенде Қазақстан емес, жалпы әлем бойынша дабыл қағу керек", - дейді дәрігер.
Дәрігердің айтуынша, баланың көзіндегі ақауды ерте ескерсе оның ұзақ жылдар бойы жанарының аман болуына кепілдік бар.
Көзді қалай қорғау керек
Көзді ұзақ уақыт сау сақтау үшін ең бастысы гигиена және тұрақты тексеріс қажет.
Жылына кемінде 1 рет офтальмологқа қаралу;
Жарықта оқу, жұмыс істеу;
Ұйқы режимін сақтау;
Созылмалы ауруларды (қант диабеті, гипертония) бақылау;
Дұрыс тамақтану.
Гаджеттен көзді қалай сақтау жолдары:
Негізгі ереже — 20-20-20: әр 20 минут сайын, 20 секундқа, 20 фут (6 метр) алыстағы нысанға қарау.
Экран мен көз арасы —30-40 см
Жарық жеткілікті болуы керек
Ұзақ қарағанда көз құрғайды — қажет болса жасанды жас тамшылары;
Ұйықтар алдында гаджет қолдануды шектеу.
Қазіргі балаларда миопияның ерте дамуы жиілеп жатыр — бұл әлемдік тенденция.
Дәрігердің айтуынша, әйел жүктілік кезінде дұрыс тамақтанып, инфекциялардан сақтану керек. Дәрілерді тек дәрігер кеңесімен қабылдау шарт. Сондай-ақ қант диабеті немесе басқа аурулар болса бақылауда ұстау керек. Бұл болашақ баланың көзінің дұрыс қалыптасуына әсер етеді.
