Негізгі ҰБТ-ға өтініш қабылдау басталды

© Photo : Пресс-служба Министерства науки и высшего образования РКАбитуриенты в центре тестирования
Абитуриенты в центре тестирования - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.04.2026
Жазылу
Өтініш 11-25 сәуір аралығында қабылданады
АСТАНА, 11 сәуір - Sputnik. 2026 жылғы негізгі ҰБТ-ға өтініш қабылдау басталды, деп хабарлайды ғылым және жоғарғы білім министрлігі.
Негізгі ҰБТ-ға өтініш қабылдау 11-25 сәуір аралығында жүзеге асырылады. Осы кезеңде талапкерлерге негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең жоғары нәтижесімен грант конкурсына қатысу мүмкіндігі беріледі. 11-16 сәуір аралығында өтінішті бір рет, ал 17-25 сәуір аралығында қалауы бойынша екінші рет бере алады. Тестілеудің өзі 10 мамыр мен 10 шілде аралығында өтеді.
"ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш қабылдау Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайты немесе UTO.kz қосымшасы арқылы жүргізіледі. Талапкерлерге тестілеу күнін, уақытын және пунктін таңдау мүмкіндігі берілген. Бұл ретте олар екі мүмкіндік үшін бейіндік пәндердің бір комбинациясын таңдай алады", - дейді министрлік.
Биыл да Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгеріссіз қалады. Талапкерлер үш міндетті және таңдауы бойынша екі бейіндік пәнді тапсырады. ҰБТ тапсырмаларының жалпы саны – 120. Оның ішінде "Қазақстан тарихы" пәні бойынша 20 тапсырма, "Оқу сауаттылығы" мен "Математикалық сауаттылық" пәндерінен 10 тапсырмадан, сондай-ақ екі бейіндік пәннің әрқайсысынан 40 тапсырмадан беріледі. ҰБТ бойынша ең жоғары балл 140 балды құрайды.
"Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек", - дейді министрлік.
Емтихан кезінде тестілеу бағдарламасында калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі және тұздардың ерігіштік кестесі қолжетімді болады. Сонымен қатар талапкерлерге ыңғайлы болу үшін кестелердің қағаз нұсқалары да беріледі.
Тест тапсырушылар тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады.
Минималды шекті балл өзгеріссіз қалды.
Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу шекті балы – 65 балл,
басқа оқу орындарына - 50 балл,
"Педагогикалық ғылымдар" білім беру саласы бойынша – 75 балл,
"Денсаулық сақтау" білім беру саласы бойынша – 70 балл,
"Құқық" даярлау бағыты бойынша – 75 балл.
Бұл ретте "Қазақстан тарихы" және ҰБТ-ның екі бейіндік пәні және (немесе) шығармашылық емтихан бойынша кемінде 5 балл, ал "Оқу сауаттылығы" мен "Математикалық сауаттылық" пәндері бойынша кемінде 3 балдан жинау қажет.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тестілеуге кіре берісте тыйым салынған заттарды, мысалы, телефондарды, шпаргалкаларды алып кіруге жол бермеу үшін қол және рамалық металл іздегіштер қолданылады.
Тестілеу аудиторияларында рұқсат етілген магниттік толқындар шегінде мобильді және радиоэлектронды байланыс сигналдарын басатын құрылғылар пайдаланылады, сондай-ақ бейнебақылау жүргізіледі.
2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін, 31 қазанға дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе басқа да ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда оқуға түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.
ЕНТ в Казахстане - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.04.2026
Наурыздағы ҰБТ кезінде 130 талапкер тестілеуден шеттетілді
Жаңалықтар
0