Балық пен теңіз өнімдерінің бағасы бір жылда 16%-ға қымбаттады

© Sputnik / РИА Новости / Медиабанкке өтуАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.04.2026
Жазылу
Баға Қазақстанның барлық өңірінде көтерілген
АСТАНА, 9 сәуір – Sputnik. 2026 жылдың наурызында балық пен теңіз өнімдерінің бағасы өткен жылдың наурызымен салыстырғанда орта есеппен 15,7%-ға өсті, деп хабарлады Energyprom.kz.
Ұлытау облысында баға шамамен үштен бірге шарықтаған. Сондай-ақ жоғары өсім Қызылорда облысында (23,8%), Алматы қаласында (23,2%) және Ақмола облысында (23,1%) тіркелді. Жетісу облысында 22,7%-ға, ал Солтүстік Қазақстан облысында 22,3%-ға қымбаттады.
Маңғыстау облысы мен Жамбыл облысында баға басқа өңірлерге қарағанда аз ғана өсті: Маңғыстауда – 3,1%, Жамбылда – 3,4%.
Қызыл және қара уылдырық бағасы бір жылда 23,8%-ға шарықтап кетті. Дайын балық өнімдері де тұтынушылар қалтасына айтарлықтай салмақ салды: олардың бағасы 19,7%-ға көтерілген. Атап айтқанда, консервіленген тунец 12,7%-ға, ал майбалық 11,4%-ға өсті. Мұздатылған, тұздалған, ысталған және кептірілген балықтың бағасы бірдей – 18,3%-ға артты. Жаңа ауланған және салқындатылған балықтың құны 15,1%-ға көтерілді. Ал тазартылған мұздатылған асшаяндардың бағасы 10,4%-ға қымбаттады.
2026 жылдың ақпанында Қазақстан қалаларында өңделген және консервіленген балық бағасы әркелкі болды. Ысталған скумбрияның бір келісінің орташа бағасы ел бойынша 5,8 мың теңге болды. Ең жоғары баға Өскемен (7,9 мың теңге), Қонаев (7 мың теңге) және Ақтау (6,6 мың теңге) қалаларында тіркелді. Ең арзан теңіз балығы Орал (3,9 мың теңге) мен Қызылорда (4,5 мың теңге) қалаларында сатылды.
Тұздалған майшабақтың бір келісінің орташа бағасы ел бойынша 2,4 мың теңге болды. Ең жоғары баға Астана (2,9 мың теңге) және Павлодар (2,8 мың теңге) қалаларында тіркелді. Ал ең төмен баға Семей мен Жезқазған қалаларында – әрқайсысында 1,9 мың теңге.
Балық консервілері сегментінде майдағы шпроттың орташа бағасы келісіне 1,1 мың теңге болды. Ең қымбат шпрот Талдықорған (1,4 мың теңге), Алматы (1,3 мың теңге) және Өскемен (1,3 мың теңге) қалаларында сатылды. Ең төмен баға Орал (865 теңге), Ақтөбе (872 теңге) және Астана (882 теңге) қалаларында тіркелді.
Жаңалықтар
0