Қазақстанда көмір қоры қанша жылға жетеді

Перевозка угля КТЖ - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.04.2026
Жазылу
Қазақстан көмір қоры бойынша әлемде 10-шы орында тұр
АЛМАТЫ, 7 сәуір – Sputnik. Қазақстандағы көмір қорының көлемі 33 млрд тоннадан асады. Бұл туралы үкімет отырысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов баяндады.
Оның айтуынша, Қазақстанның көмір кені қазіргі көлеммен алғанда 300 жылдан астам уақытқа жетеді.
"Ірі көмір кен орындары Орталық Қазақстанның екі негізгі аймағында орналасқан. Олар – Қарағанды көмір бассейні мен Торғай көмір бассейніндегі Шұбаркөл және Жалын кен орындары. Солтүстік-шығыс аймақта Екібастұз көмір бассейні, Майкүбі көмір бассейні, Қаражыра кен орны бар. Еліміздегі көмір қорының көлемі – 33,6 млрд тонна", - деді Ерлан Ақкенженов.
Бүгінгі таңда 40 жер қойнауын пайдаланушы 41 келісімшарт бойынша жұмыс істеп жатыр. Былтыр көмір өнеркәсібіндегі келісімшарттарға салынған инвестициялар көлемі 305 млрд теңге болды, ал биыл шамамен 553,5 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған.
"Көмір өнеркәсібінде 32 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылғанын атап өткен жөн. Сектордың тұрақты дамуы барысында жұмыс орындарының саны өсе түспек. Министрлік көмір саласындағы геологиялық барлауды дамытуға ерекше назар аударып отыр. Биыл жыл соңына дейін шамамен 10 учаске бойынша көмір кен орындарына жер қойнауын пайдалану құқығын беру туралы аукцион өткізу жоспарлануда", - деді министр.
Айта кетері, Қазақстан көмір қоры бойынша әлемде 10-шы орында тұр.
Жаңалықтар
0